Токтакуновтың сөзінше, конституциялық палата президентке тиіспеу құқығын беру конституцияға қайшы, бірақ тиіспеу туралы нормамен бірге ондай құқықтан айыру процедурасы да қарастырылуы тиіс деп жауап берген.
«Түсінікті қылып айтсақ, олар «экс-президентке тиіспеу туралы бап конституцияға қайшы келеді, себебі бұл құқықтан айыру процедурасы қарастырылмаған» деген пікірде. Палата заңға экс-президентті тиіспеу құқығынан айыру процедурасын енгізуді депутаттар ұсынуы керек деп, барлық жауапкершілікті Жогорку Кеңешке артып отыр. Олар сонымен қатар бұл процедура президентті қызметінен шеттетуден (импичмент жариялау – ред.) оңай болмауы тиіс деп санайды» дейді Токтакунов.
Конституциялық палата заңгер Токтакуновтың шағымын биыл шілдеде өндіріске алған. Заңгер экс-президентке тиісуге болмайды деген абсалютті құқық конституцияның «заң алдында адамдардың барлығы тең» деген принципіне қайшы келеді дейді.
Қырғызстан президентінің қызметіне кепілдік беру туралы заңның 12-бабында экс-президент Қырғызстан президенті қызметін атқару кезіндегі әрекеті немесе әрекетсіздігі үшін қылмыстық және әкімшілік жауапқа тартылмайды, тұтқындалып, қамалмайды, тінтілмейді және тергелмейді делінген. Қырғызстанда экс-президент мәртебесіне Роза Отунбаева мен Алмазбек Атамбаев қана ие.
Оқи отырыңыз: Парламент экс-президенттерді тиіспеу кепілдігінен айыруды қолдады
Заңның бұл талабын жою туралы талқы Алмазбек Атамбаевтың Бішкек ТЭЦ-ін модернизациялауға тікелей қатысы бары туралы мәлімдемеден кейін күшейген. Қырғызстан құқық қорғау органдар ТЭЦ-ті модернизациялау кезінде сыбайлас жемқорлық қылмысы болған деп күдіктенеді. Атамбаев айыпты жоққа шығарады.
«Бішкек ТЭЦ-ін модернизациялау» жобасын іске асыру кезіндегі ықтимал сыбайлас жемқорлық фактісін тергеу аясында Алмазбек Атамбаевтың үш серігі – бұрынғы премьер-министр Сапар Исаков, Бішкектің экс-мэрі Кубанычбек Кулматов пен депутат Осмонбек Артыкбаев қамалды. Бұл үш саясаткер де Атамбаев басқаратын Социал-демократиялық партияның мүшесі. Искаков, Кулматов пен Артыкбаев өздеріне тағылған айыпты терістейді.