16-11-18 |
1650 рет қаралған
Қырымда «Иегова куәгерлері» өкілдерінің үйлерін тінтті
.
Ресей аннексиялаған Қырымда Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) мен Экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығының қызметкерлері тыйым салынған «Иегова куәгерлері» діни қауымы мүшелерінің үйлерін тінтті.

«Вести-Крым» мемлекеттік телеарнасының ФСБ өкілдеріне сілтеме жасап хабарлауынша, Джанкое қаласында 30 мекенжайда тінту болған. Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі бес мекенжай бойынша тінту жүргізілгенін растады. Ол сонымен қатар «Иегова куәгерлерінің» бұрынғы жергілікті «Сиваш» ұйымы (2017 жылы жойылған) жетекшісі Сергей Филатов пен оның отбасының екі өкілі және тағы бірнеше адамның 16 қараша күні Симферопольда тергеуге шақыртылғанын хабарлады.

Филатов экстремистік ұйым құрды деген күдікке ілінген. Қалған адамдар оның ісі бойынша куәгер ретінде тергелмек.

Ресейлік БАҚ Филатовқа қарсы қылмыстық іс қозғалғанын және ұсталған адамдардың барлығы «Украина арнайы қызметімен байланысы бар болуы мүмкін» екенін хабарлап жатыр.

Қырымдағы Ресей құқық қорғау органдары Джанкоедегі тінтуге қатысты әзірге түсінік бермей отыр.

Осы апта басында арнайы қызметтің Сібір, Орал және Приморье өлкелерінде Иегова куәгерлері өкілдерін тінтіп, ұстағаны хабарланған.

Ресей Жоғарғы соты былтыр сәуірде «Иегова куәгерлері» діни қауымын экстремистік ұйым деп таныған. Ұйымға Ресей аумағында тыйым салынып, жойылған.

«Мемориал» құқық қорғау ұйымы Ресей билігі қудалап отырған «Иегова куәгерлері» діни қауымының мүшелерін (барлығы 62 адам, үшеуі қамауда отыр) саяси тұтқын деп таныған.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.