arasha.kz

Қытай қазақтары АҚШ пен Ресейден араша сұрады

28 қаңтар күні Алматыда Қытайдың Құмыл аймағы Баркөл ауданынан келген этникалық қазақтар Қытайда жазықсыз қуғын көріп отыр деген туыстарына араша сұрап баспасөз мәслихатын өткізді, – деп хабарлайды azattyq.org

«Атажұрт еріктілері» қоғамдық ұйымының кеңсесінде өткен жиында қатысушылардың бірі жиналғандар атынан АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннен араша сұрап,  ағылшын және орыс тілдерінде үндеу оқыды.

фото -azattyq.org
фото -azattyq.org

Жиынға 30-ға тарта адам келді. Олардың кейбірі баласы саяси үйрену лагерінде, кейбірі туыстарының үйқамақта отырғанын, біразы туыстарының сотталып кеткенін айтса, тағы бірінің туыстары Қазақстанға қайта алмай отырғанын айтады.

Қытайдың Шыңжаң өңірінде этникалық азшылыққа, оның ішінде этникалық қазақтарға қысым жасау туралы деректер 2017 жылдың сәуірінен бастап түсіп жатыр. Азаттық Шыңжаңда қамауға алынған, Қазақстанға орала алмай жатқан Қытайдағы қазақтар туралы бірнеше рет жазған.

Былтыр Қазақстан сыртқы істер министрлігі Қытайда қамауда отырған қазақтардың туыстарынан 915 өтініш түскені, 2018 жылдың басынан бері Қытай тарабы екі мыңнан астам қазақтың Қытай аумағынан кетуіне рұқсат бергенін хабарлаған. Ресми мәлімет бойынша, сонымен бірге Қытайда қос азаматтығы үшін күдікті саналып, ұсталған 29 қазақстандықтың 15-і бостандыққа шыққан.

Дереккөз: Azattyq.org

Exit mobile version