Алматыда Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданынан Қазақстанға көшіп келген қазақ отбасыларының бір топ өкілі 12 қыркүйекте баспасөз мәслихатын өткізіп, Қытайда қамауда отырған туыстарын босатуды сұрады.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, жиынға Шыңжаң аймағының Дөрбілжің ауданынан көшіп келген 30-ға тарта қазақ қатысты. Олар Қытайда туыстарының жазықсыз қамауда отырғанын айтып, БҰҰ атына үндеу оқыды.
Жиынды ұйымдастырған Ақиқат Халиолланың айтуынша, Қытайда тұратын әкесі, шешесі және екі інісі алты айдан бері «саяси лагерде» қамауда жатыр. Жиынға келгендер әрқайсысының алды екі, тіпті төрт, бес туысының «саяси үйрену лагерлерінде» қамауда отырғанын айтып, БҰҰ-ның Адам құқықтарын қорғау комитетін туыстарын босатуға араласуын сұрады.
Баспасөз мәслихатынан соң жиналғандар БҰҰ-ға жазған үндеуінің бір данасын Қытай консулдығына тапсыруға барғанымен, әзірге консулдықтан олармен сөйлесуге ешкім шықпады.
Қытайда жергілікті қазақтардың қысым көріп жатқаны туралы 2017 жылдың сәуір айынан хабарлана бастаған. Былтыр Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы кезіндееуропалық қазақ Өмірхан Алтын бұл мәселені Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында көтерген.
Биыл мамыр айында Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов «Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін «Қытай азаматтығынан шығу заңдылығын бұзған болуы ықтимал» деген күдікпен Қытайда ұсталған этникалық қазақтар туралы журналистер сауалына жауап берді.
Министр жауабында: «Бізде дәл қазір 170-тей этникалық қазақ туралы мәлімет бар. Әрбір адам бойынша жұмыс істеп жатырмыз» деп айтқан. Бұдан бөлек, Қытайда қамауда болған бірнеше азаматтың босап шыққаны белгілі болған.
Қытайдағы этникалық азшылық өкілдерінің «саяси лагерьлерге» жаппай қамалуы жайлы халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары мен әлемдік баспасөз жазып келеді. Әзірге, Қытай билігі бұл мәселелер бойынша ресми түрде реакция білдіре қойған жоқ.
Дереккөз:azattyq.org