04-10-18 |
2280 рет қаралған
Қытайда туыстары қамалғандар Германия консулдығынан араша сұрады.
Алматыда қазанның 4-і күні Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы (бұдан ары Шыңжаң) Құлжа қаласынан Қазақстанға көшіп келген қазақ отбасыларының өкілдері Қытайда қамауда отырған туыстарын босатуға көмек сұрады.

«Уют» қонақүйінде өткен баспасөз мәслихатында жиналған ондаған адам  Қытайда туыстарының «саяси үйрену орталықтарында» жазықсыз қамауда отырғанын айтып, Қазақстан билігінен, халықаралық құқық қорғау ұйымдарынан оларды босатуға жәрдем қылуын сұрады. Жиналғандар туыстарының суреттерін көрсетіп, алды бірнеше жыл қамауда отырғанын айтты. Олардың сөзінше, биыл көктемде қамалғандар қатарында имам мен  мұғалім бар.

Құлжабек Нұрданғастың айтуынша, 24 жастағы қызы Сәуле Құлжабектің биыл көктемде ұсталып, содан бері қамауда отырғанын айтты. Нұрданғастың айтуынша, қызы Қазақстанға жұмыс бабымен келіп жүрген.

Жиналғандар баспасөз мәслихатынан соң Германия консулдығына барып, осы ел билігінен көмек сұраған хатын тапсырды. Консулдық өкілі жиналған адамдардың екеуін ғана өткізу пунктіне кіргізіп, хатын қабылдап алды.

Германия консулдығы алдындағы жиыннан тікелей эфир:

Соңғы айда Шыңжаңның түрлі аудандарынан Қазақстанға көшіп келген қазақтар Алматыда кезек-кезек баспасөз мәслихатын өткізіп, Қытайда қамалған туыстарын босатуға биліктен және халықаралық қауымдастықтан көмек сұрап келеді. Өткен аптада Шыңжаңның Мұңғылкүре ауданынан көшіп келген қазақтар өткізген жиында прокуратура өкілдері келіп, мұндай жиын өткізуге болмайтыны туралы ескертіп кеткен.

Қытайда жергілікті қазақтардың қысым көріп жатқаны туралы 2017 жылдың сәуір айынан хабарлана бастаған. Былтыр Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы кезіндееуропалық қазақ Өмірхан Алтын бұл мәселені Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында көтерген.

Оқи отырыңыз: Қытай мұсылмандарына қысым жасалғаны туралы жаңа дерек жарияланды

Биыл мамыр айында Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов «Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін «Қытай азаматтығынан шығу заңдылығын бұзған болуы ықтимал» деген күдікпен Қытайда ұсталған этникалық қазақтар туралы журналистер сауалына жауап берді.

Министр жауабында: «Бізде дәл қазір 170-тей этникалық қазақ туралы мәлімет бар. Әрбір адам бойынша жұмыс істеп жатырмыз» деп айтқан. Бұдан бөлек, Қытайда қамауда болған бірнеше азаматтың босап шыққаны белгілі болған.

Оқи отырыңыз: Қытайға «кіріптар» Астананың «сақ» дипломатиясы

Қытайдағы этникалық азшылық өкілдерінің «саяси лагерьлерге» жаппай қамалуы жайлы халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары мен әлемдік баспасөз жазып келеді. Тамызда The Financial Times газеті Қытайдан Қазақстанға қашып өткен этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың хикаясынбаяндап, Шыңжаңдағы қуғын-сүргін туралы мақалаға жазған. Қытайдың Ұлыбританиядағы елшісі Лю Сяомин мақалаға жазған жауап хатында басылым дерегін «жұртты шатастыратын ақпарат» деп, Шыңжаңда этникалық топ өкілдерінің қудаланатынын терістеген.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.