02-11-18 |
1750 рет қаралған
Заречныйдағы түрмеде тұтқынның асылып тұрған денесі табылды.
Алматы облысының Заречный кентіндегі ЛА-155/14 түрмесінде 51 жастағы тұтқын Валерий Егоровтың асылып тұрған денесі табылды. Тұтқынның қалай өлгені белгісіз.

Түрме бастығы Руслан Оразметов Азаттыққа Валерий Егоровтың 1 қарашада өлгенін растады. Оның сөзінше, тұтқын «өзі асылып қалған». Түрменің аты-жөнін атамауды өтінген қызметкері Азаттыққа тұтқын Егоровтың 1 қараша күні шамамен сағат 5:41-де қайтыс болғанын айтты.

Валерий Егоровтың өлімін құқық қорғаушы Марианна Гурина 2 қарашаға қараған түні Facebook-тегі парақшасында хабарлаған. Гурина парақшасында өз мәліметі бойынша Егоровтың полиция қызметкерлерімен сөйлескеннен кейін асылып қалғанын жазды. Полицейлер Егоровты «бұрын берген жауабынан бас тартуға мәжбүрлеген». Гуринаның жазуынша, Валерий Егоров тұтқын Қайрат Егімбаевті азаптау ісі бойынша куәгер болған және «оны карантинде түрме қызметкерлері ұрып-соғып, кейін жарақатынан ауруханада қайтыс болғанын» айтқан.

Қайрат Егімбаев биыл тамыз айында Қапшағай қалалық ауруханасында қайтыс болған. Бұл жерге оны Заречныйдағы түрмеден әкелген еді. Егімбаевтің туыстары колонияда оны соққыға жығып, азаптаған деп біледі. Туыстары түрме әкімшілігінің «Егімбаев 30 сантиметрлік биіктен құлап, жарақаттанып қайтыс болды» деген сөзіне сенбейтінін мәлімдеген.

Қайрат Егімбаев өлімінің мән-жайын тергеу барысында тұтқын Валерий Егоровтан да жауап алынған еді. Түрме басшылығы түзеу мекемесінде тұтқындарға зорлық-зомбылық жасалып тұрады деген айыптаулармен келіспейді.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.