Юрий Пак пен оның адвокаты шешіммен келіспейді және сотқа Пактың кінәсіз екенін дәлелдейтін екі құжат өткізгендерін айтады. Олар Samsung корпорациясының «Юрий Пак телефонынан соғылған қоңыраудың алты секунд қана болғаны, бұл нөмірден өзге қоңырау шалынбағаны» туралы жауабын ұсынған. Адвокат соттан «айыптауда қоңырау уақыты үш минутқа созылды» деген тұсын ескеруді сұраған.
Екінші құжат ретінде адвокат Ресейдің әділет министрлігі жанындағы сот экспертизасы орталығының «ақпарат берді» деген адам мен сотталып шыққан Юрий Пактың дауыстарын сараптап шығарған қорытындысын ұсынған. Бұған дейінгі сараптау қорытындысында «дауыс нақты кімдікі екенін ажырату мүмкін емес» делінген.
Қарағанды соты 2016 жылы қазанда жергілікті мектептің физика пәнінің оқытушысы Юрий Пакты «қалалық орталық сауда үйіне бомба қойылғаны туралы жалған ақпарат берді» деп айыптап, екі жылға бас бостандығынан айырған. Өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеген мұғалімнің берген шағымын апелляциялық сот қанағаттандырмай тастаған. Кейін рақымшылық заңы бойынша Юрий Пактің өтелмеген жаза мерзімі бес ай 10 күнге қысқартылған.
Юрий Пактың шәкірттері мектеп бітіру кешін ұстаздарымен бірге өткізу үшін маусымның 24-іне ауыстыруды ұйғарған. Юрий Пактың ісі әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырған.