arasha.kz

«Жоспар орындалмады»: Мемлекеттік бағдарламамен берілген пәтерлер саны үш есеге азайды

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев «Алматы жастары» сияқты тұрғын үй бағдарламасы Қазақстанның барлық өңірінде іске қосылуы керек деген ұсыныс жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Депутат жас отбасылардың көбі табысының аз болуына байланысты «7-20-25» бағдарламасына қатыса алмайтынын алға тартты. Ал үш мегаполисте жыл сайын жастарға 3 мың пәтер бөлу бағдарламасы толыққанды іске аспай отыр дейді Елнұр Бейсенбаев.

«Елбасының тапсырмасымен Жастар жылында Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының жастары үшін жыл сайын 3 мың пәтер бөлініп, оны бес жылға жалға беретін тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Яғни үш жылдың ішінде 9 мың пәтер тарату қажет болатын. Алайда 2019 жылы 3 мың пәтер берілсе, 2020 жылы барлығы 1 мың пәтер ғана берілді. Яғни, бір жыл ішінде берілген пәтерлер саны үш есеге азайды. Жоспар орындалмады, неге?», – деп сұрады Бейсенбаев мәжілісте өткен дөңгелек үстелде.

Алматыда 2017 жылы 35 жасқа дейінгі жас отбасыларға пәтер сатып алу үшін несие беретін «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылған. Депутат бағдарлама өзін жақсы жағынан көрсеткенін, алайда бұл тәжірибе белгісіз себептермен назардан тыс қалып қойғанын сөз етті.

«Биыл астанада «Елорда жастары» бағдарламасын іске қосу жоспарлануда. 17 өңірдің тек екеуінде ғана жас отбасыларды қолдау бойынша өз бағдарламалары бар. Осыған орай әр өңірде жеңілдікпен несие берудің түрлі тетіктерін көздейтін, жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ететін бағдарламаларды әзірлеуді ұсынамыз», – деді мәжілісмен.

Сонымен қатар Бейсенбаев студенттерді жатақханамен қамту мәселесі де әлі шешімін таппағанын назарға салды.

Айтуынша, бүгінде Қазақстанда 1,1 миллион студент бар, ал тапшылық 80 мың орынды құрайды. Тағы да оқыңыздар Алматылық оқушылар төртінші тоқсанда қалай білім алады

«2018 жылы Елбасы 2022 жылға дейін студенттерді қосымша 75 мың орындық жатақханалармен қамтамасыз етуді тапсырды. Үш жылдың қорытындысы бойынша жатақханаларда барлығы 12 мың жаңа орын пайда болды. Қалған 10 айда 58 мың жаңа орын салу қажет. Алдыңғы тәжірибені ескерсек, бұл тапсырманың орындалауы екіталай», – деп алаңдады депутат.

Осыған байланысты ол бұл мәселені ерекше бақылауға алып, апатты жатақханаларды қайта құру және жөндеу бойынша шаралар қабылдау қажеттігін ескертті.

Exit mobile version