Үнсіздікті көтермейтін мəселе.
Үнсіздікті көтермейтін мəселе

Əйелдерге, балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа ешқандай кешірім болмауы керек. Мұндай талапты тек Қазақстан емес, дамыған елдердің барлығы ұстанады. Себебі, мемлекет – барша адамның қорғаны. Жəне оның шарапатын, көмегін, қамқорлығын ең алдымен əлеуметтік жақтан əлсіз топтар көруі тиіс.
Демократия мен құқықтық əділдіктің көшбасшысы болып танылған Америка құрама штаттарында əйелдер мен балаларды қорғаудың барлық нормасы заңмен реттелген. Бұл елде тіпті туған баласына қол көтерген ата-анаға да жаза бар. Əрине,

«Өз балаң өзекке тепсең кетпейді» деген ұстаныммен өмір сүріп, ұл-қызын анда- санда шапалақпен ықтырып, жұдырықпен тəрбиелеп алатын қазақы қоғамға Америка жұртшылығының тəжірибесі ерсі де көрінуі мүмкін. Бірақ, бұл елдегі тəртіп солай. Оған сəйкес, өз баласына қандай да бір күш қолданып, зорлық-
зомбылық жасаған ерлі-зайыптылардың үйге келуіне, сонымен қатар, күйеуімен не əйелімен жəне балаларымен кездесуіне екі аптаға дейін тыйым салынады.
Бұдан бөлек, дəл осы елде балаларға қорлық көрсету дерегіне куə болған азаматтардың бұл туралы құзырлы орындарға хабарлауға міндетті екені заңмен бекітілген. Əкесінің немесе шешесінің баласын ұрып, қысым жасап жатқанын көрдің бе, дереу күштік ұрылымдарға хабарлама қалдыр. Хабарламаларды оқиға болғаннан кейін 24 сағат ішінде телефонмен айтуға, поштамен хат түрінде жіберуге, тиісті мекемелерге тікелей барып ресімдеуге болады. Ал бізде ше? Біздің
елімізде дəл осы мəселеде салғырттық белең алған. Біреудің ауласындағы келеңсіздіктің алдын алу тұрмақ, қазақстандықтар қоғамдық орындарда орын алатын заңсыздықтарды хабарлауға құлықсыз. Соның кесірінен əйелін, баласын көшеге қуып шығып, елдің көзінше балағаттап, қол көтеретіндер əлі де бар.
Жылаған əйел, көмек сұраған бала ешкімнің жүрегін жібітпейді. Кейбір белсенді жандар болмаса, азаматтардың басым бөлігі «Үндемеген үйдей бəледен құтылады» деген тəпсірді ұстанады.
АҚШ-та əлеуметтік əлсіз топқа жасалған əрбір келеңсіз жағдай туралы билікке хабарлауға азаматтарды міндеттейтін заңнама барын айттық. Соған сəйкес, кез келген адам өзі көрген келеңсіздікке көз жұма қарамай, бірден құзырлы орындарды ақпараттандыруға міндетті. Əрі мұны алып ел халқы қажеттілік деп
санайды. Отбасындағы ұрыс-керістің жалпыхалықтық сипат алып кететіні де сондықтан ба дейсің.
Ал енді өзімізге оралар болсақ, Қазақстандағы əйелдер мен балаларға жасалатын зорлық-зомбылық деректері кемімей келеді. Қоғам белсенділері ұсынған деректе тіпті 2018 жылдың 9 айында кəмелетке толмаған 84 бала зорланып, 88-і жыныстық əрекетті бастарынан өткерген, балаларды азғындыққа итермелеген 138
дерек тіркелген деген мəлімет бар. Өкініштісі сол, мұндай көңілсіз сандар қылмыскерлерді жазалаумен шешілмейді. Неге дейсіз ғой. Себебі, мұндай түйткілдің астарында қатыгездіктің қалыңдығынан бөлек, азаматтардың əлеуметтік мəселесін жедел реттеуді міндеттейтін қажеттілік тұр. Олай дейтініміз, əлімжеттікке
ұрынатын балалардың көпшілігі қараусыз. Ата-анасы жоқ, немесе жартылай жетім балалар туралы əңгіме бөлек. Əке-шешесі болғанымен, олардың көбі бала-шағасын бағу үшін күн-түн демей жұмыс істейді. Ұрпағын ешкімнен кем қылмай өсірсем деген арманмен қаржылық жетістікке мəн бергендер тəрбиені, баланың
қауіпсіздігінің екінші қатарға ырысып қояды. Соның кесірінен жалғыз қалған балалар интернеттегі атыс-шабысқа толы ойындардың, теледидардағы қатігез фильмдердің ықпалымен өсіп келеді. Əрі қадағалау жоқ болған соң мұндай балалардың жамандыққа өзі барып ұрянатынын жоққа шығаруға болмайды.
Сонымен қатар, қорғансыз балаларға көрінген үйір келеді. Қызғыштай қорып отырған адам болмаған соң əлімжеттік жасаушыларға ойға алғанын орындау аса қиындық келтіре қоймайды. Ендеше, зорлық-зорлық құрбандарын азайтқымыз
келсе, аналардың бала тəрбиесімен алаңсыз отыруына материалдық жағдай туғызу маңызды. Ананың аялы алақанын сезініп, көз алдында өскенін балаға «жау» да көз аларта қоймайды.
Педофилдерді қатаң жазаласақ əлімжеттік азаяр еді деген пікір де бар. Елдегі орын алған кемшіліктерді заңгерлер жазаны ізгілендірудің жемісі деп отыр. Яғни, соңғы жылдары Қылмыстық, Қылмыстық процестік кодекстерге енгізілген елеулі өзгерістер жазаны жеңілдетіп, ізгілендіруге жол ашқанымен, зорлық-зомбылық
сипатында қылмыс жасағандардың қатаң жазаланбауына мүмкіндік туғызуда. Əсіресе, педофилдерге берілетін жазаны қатайту керектігі үнемі талқыланатын тақырыптың біріне айналған. Өйткені, Америка сияқты өз азаматтарын бағалайтын елде зорлық-зомбылық деректерін жедел хабарламағандарға заңды түрде жаза болса,
біздің елімізде балалардың өмірін қор қылған, келешегіне балта шапқан педофилдерді жазаға тартудың өзі қиынға айналып тұр. Тіпті, педофилдерді химиялық кастрациялау мəселесінің өзі сиырқұймышақтанып барады. Зорлықшыларға қолданылатын бұл жазаны құптағандар аз емес. Өкініштісі, бүгінде дейін химиялық кастрация тек бір адамға жасалған. Қазір белгілі болып отырғандай,
химиялық кастрация екінің біріне жасалмайды екен. Бұл жаза тек соттың үкімімен кəмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстарға бейім деп танылған тұлғаларға ғана қолданылатын болып шықты. Мұндай инъекция бас бостандығын айырылған азаматтарға түзеу мекемелерінде, ал өзге жаза түрлеріне сотталғандарға денсаулық сақтау мекемелерінде жүргізіледі. Оған бөлінген ақша да қомақты. Былтырғы жылы дəл осы шараға деп мемлекет қазынасынан 9,626 млн теңге бөлініпті.
Тағы бір ескерерлігі, химиялық кастрация деген педофилдерді өмір бақи белсіздікке апаратын жол емес болып шықты. Оны сотталған адам 10-14 күн сайын өзі келіп ектіруі шарт. Яғни, дəрінің əрі кеткенде 15 күнге жарамдылығы бар. Ал бір жыл бойы еркектік қуатын əлсіретуге осындай 26 дəрі керек. Бұған 127 мың кетеді.
Сотты болған педофилдердің бəріне дəрі егу үшін қанша қаржы кететінін осыдан-ақ шамалай беріңіз. Бұл үлкен қаржы, көлемді шығын.
Əрине, мұндай жерде қазынадан кететін қаржыдан бұрын, əлімжеттік көрген баланың тағдырын көбірек ойлағанымыз дұрыс. Ол үшін мəселенің салдарымен емес, себебімен күрескен орынды. Сонда ғана балаларды əлімжеттіктен сақтаудың жолы табылады.

Перизат Омарова

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.