26-06-20 | 16:19
“Нұр Отанның” “Нұр Сұңқарын” 9 журналист иеленді.
“Нұр Отанның” “Нұр Сұңқарын” 9 журналист иеленді

“Нұр Отан” партиясының жыл сайын журналистерге берілетін “Нұр Сұңқар” сыйлығын биыл 9 журналист иеленді. Олар:

Телевизия үздігі аталымы бойынша “Қазақстан” ұлттық арнасының журналисі Саламат Омаш;

“Ұшқыр қалам” аталымы бойынша “Егемен Қазақстан” газетінің журналисі Айгүл Халықова;

“Үнжария” аталымы бойынша “NS”радиосының жүргізушісі Ләззат Әбдіреева;

“Қазнет үздігі” аталымын бойынша zakon.kz сайтының журналисі Альберт Ахметов;

“Партияның қайта жандану” аталымы бойынша “Атырау – Қазақстан” арнасының журналисі Нұрислам Ғұмар;

“Елбасы салған сара жол” аталымы бойынша altynorda.kz сайтының журналисі Серік Малеев;

“Блогосфера” аталымы бойынша журналист Айдос Жұқанұлы;

“Алғы шеп” аталымы бойынша 31 телеарнаның журналисі Ирина Әлімжанова

“Біз біргеміз” аталымы бойынша “Хабар” арнасының журналисі Әсел Тұрсынғазина үздік деп танылды. 

“Нұр Сұңқар” сыйлығын иеленушілер арнайы мүсінше мен 1 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйлық алады.

Жыл сайын БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында марапаттау салтанаты өтетін “Нұр Сұңқар” сыйлығының марапаттау рәсімі пандемияға байланысты биыл өткізілмейтін болыпты. Бұл туралы “Нұр Отан” партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек айтып, жүлдегерлерге құттықтау сөзін әлемуеттік желідегі парақшасында жариялады.

“Құрметті журналистер!

«Nur Otan» Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні – кәсіби мерекесінің қарсаңында дәстүрлі түрде «NUR SUNQAR» республикалық конкурсын осымен 11-ші рет өткізіп отыр.
Бүгінде бұл сыйлық журналистер қауымы арасында беделді де танымал марапатқа айналды. «NUR SUNQAR» – медиа-қоғамдастық қызметкерлерінің елде жүріп жатқан реформаларды қолдау, қоғамдық маңызы бар жобалардың табысты атқарылуы және халықтың кері байланысын қамтамасыз ету бойынша сіңірген еңбегі мен үлесін бағалаудың бір көрінісі.

Конкурстық комиссия биыл бірнеше жаңа номинация белгілеп отыр. «Алғы шеп» – Төтенше жағдайды жария ету бойынша қажырлы еңбегі үшін», «Біз біргеміз» – волонтерлік жұмыс туралы үздік жарияланым», «Партияның «қайта жандануы» бойынша үздік материал» номинациялары.
Жалпы 135 өтінім және 355 материал берілді.

Құрметті достар!

Пандемияға байланысты қалыптасып отырған қазіргі жағдай біздің салтанатты шараны өткізу жөніндегі жоспарымызды түбегейлі өзгертті. Биыл бізге партиялық сыйлықты салтанатты түрде тапсыру рәсімінен бас тартуға тура келіп отыр. Бұл – амалсыздан жасалып отырған қадам. Бұған барша қатысушылар түсіністік танытады деп сенемін.

Партиямыздың Лидері, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым журналистердің шығармашылығы еліміз бен халқымыздың игілігіне бағытталған ізгі істерге ұйытқы болуын қалады. Сондықтан да конкурстық комиссия ел дамуының өзекті мәселелерін жарыққа шығаруға елеулі үлес қосқан үздік сөз зергерлерін іріктеп алды. Жеңімпаздардың есімдері бейнероликте берілген.

Партияның атынан және жеке өз атымнан «NUR SUNQAR – 2020» сыйлығының жеңімпаздарын лайықты марапаттарымен құттықтаймын! Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі – Журналистер күні құтты болсын!
Баршаңызға мықты денсаулық, бақ-береке және шығармашылық мол табыс тілеймін!” деп жазады Бауыржан Байбек.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk