«Нұр Отанның» төсбелгісін тақпаған бас дәрігер сөгіс алды.
«Нұр Отанның» төсбелгісін тақпаған бас дәрігер сөгіс алды

«Нұр Отанның» белді мүшесі бола тұра билік партиясының төсбелгісін тақпай жүрген бірнеше шенеунік жазаланды. Оның ішінде Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері де бар. Денсаулық сақтау вице-министрі Ерлан Қиясовқа «Нұр Отан» партиясының төсбелгісін тақпағаны үшін сөгіс жарияланды.

Бұл туралы «Нұр Отан» партиялық бақылау комитетінің төрағасы Артур Платонов  Facebook парақшасында мәлімдеді.

Платоновтың хабарлауынша, «Нұр Отан» партиясының мүшесі болып табылатын саяси тұлғаларға партиялық рәміздерді орындап, оның ішінде төсбелгілерді тағып жүруі міндеттелген. Партиялық бақылау кезінде бірқатар шенеуніктердің партия талаптарын орындамайтыны анықталды.

«Нұр Отанның» қаһарына Ерлан Қиясовтан басқа, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Кәкімов, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Шәкарім Бүктүгітов, Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Әбсаттаров түсті. Жазаға тартылған шенділерге сөгіс жарияланған.

«Кей азаматтар ел алдында өз жұмысынан ұялатындай. Кейбір өкілдердің әрекеті партияның алға қойған міндеттерімен сәйкес келмей ме? Төсбелгі тағу үшін ұяла ма? Әлде костюміңізді бүлдіргіңіз келмеді ме? Егер сіз партиядан сайланғаныңызды ұмытсаңыз, онда партия сізге сенім білдіруден бас тартуы мүмкін », – деп жазды Артур Платонов өзінің Facebook парақшасына қалдырған жазбада.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.