04-05-21 | 12:14
«Нұрлан Смағұлов ректорларды тағайындауға араласпау керек».
«Нұрлан Смағұлов ректорларды тағайындауға араласпау керек»

ҚР Білім және ғылым министрлігі университет ректорларын директорлар кеңесінің мақұлдауы арқылы тағайындауды бастады. Бұған дейін әл-Фараби атындағы ҚҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ және Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің ректорлары жаңадан бекітілді. Бұл – құптарлық дүние. Алайда директорлар кеңесінің құрамында Нұрлан Смағұлов, Арманжан Байтасов сынды кәсіпкерлердің болуы қаншалықты орынды?

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректорын тағайындайтын директорлар кеңесінің төрағасы Асхат Аймағамбетов болса, оның құрамында Рахман Алшанов, Бақытбек Тәшенев, Күнсұлу Закаря, Нұрлан Смағұлов, Арманжан Байтасов, Ержан Бабақұмаров, Гүлмира Ілеуова, Еркін Тәтішев, Гүлзат Көбенова, Гаухар Шәкаева сынды мүшелер болған. Аталған азаматтар университетке Жансейіт Түймебаевты тағайындаған болатын.

Ал Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректорын тағайындауға Гаухар Шақаева, Мәншүк Әбдікәрім, Саясат Нұрбек, Данияр Әшімбаев, Әлихан Бәйменов, Мұрат Әбенов, Дархан Қыдырәлі, Марат Башимов, Зарема Шәукенова, Ван Де Александр, Ернұр Рысмағамбетов, Қанат Нұров атсалысқан. Директорлар кеңесі бұған дейін осы университетті басқарған Ерлан Сыдықовты қайта бекітті.

Шыны керек, ректорларды тағайындау «бұрынғыдай» жоғарыдан шешіліп жатқаны анық. Бұл жаңашыл бастама ректорлардың арасында сәлде болса бесекелестікті арттыратыны белгілі. Өйткені басшылық лауазымнан үмітті азаматтар алдағы уақытта қандай іс атқаратынын айтып, уәде береді.

Әйтсе де директорлар кеңесінің құрамында Нұрлан Смағұлов пен Арманжан Байтасов сынды азаматтардың болуы қаншалықты орынды?

Бұл сұрақты №90 мектеп гимназияның директоры Аятжан Ахметжанға қойған болатынбыз. Ол ірі кәсіпкерлердің ректор тағайындауға қатысуын екі түрлі көзқараспен қарауға болатынын ескертті.

«Біріншіден, нарық яғни жұмыс берушінің талабын ескерген жөн. Ректорларды тағайындау конкурс арқылы анықталған соң әр үміткер унрверситетті дамытудың бағдарламасын ұсынады. Аталған бағдарламада үміткер «Болашақта сапалы мамандар шығарамын» деп уәде беретіні анық. Жалпы комиссия құрамына жұмыс беруші компаниялардың жетекшілерін қосу барлық елдің тәжірибесінде бар. Аты аталған азаматтар сол мақсатта қосылған деп ойлаймын.

Екіншіден, елімізде өкінішке қарай әлі күнге дейін ұлттық буржуазия қалыптасып үлгерген жоқ. Осының салдарынан олардың орнын «ит жоқта шошқа үреді» демекші, басқа адамдар басып жатыр. Бұл жерде ұлттық буржуазия мен ұлттық кәсіпкерлер қалыптаспай жағдай осылай бола береді. Ал енді Нұрлан Смағұлов пен Аманжан Байтасов сынды азаматтар ректор тағайындауға қатыспасын десек, онда біздің нарық тек ғана ғылым-білімге ғана жұмыс істемейді ғой. Біздің университеттер құрылысшы, экономист, заңгер сынды түрлі маман иелеріне сапалы маман дайындап беру керек. Егер комиссия құрамына әр саланың өкілі кірмесе, онда белгілі бір деңгейде артқа кетуіміз мүмкін.

Бұл жерде ең біріншіден мемлекет ұлттық буржуазияны қалыптастыруға мүдделі болуы керек. Бәлкім біз білмейтін ұлттық деңгейде ойлай алатын кәсіпкерлер жаңадан қалыптасып келе жатқан шығар. Мәселен «ZHERSU» инвестициялық-өндiрiстiк корпорациясының басшысы Бауыржан Оспанов, «Алтын Қыран» бас директоры Исламбек Сәлжанов және соңғы кездері TAS Group компаниясының басшысы Дулат Тастек сынды азаматтар көріне бастады. Міне осындай азаматтарды комиссия құрамына қосу керек шығар деп ойлаймын», – дейді ол.

Аятжан Ахметжанның айтуынша, комиссия құрамына еліміздегі ең ірі кәсіпкерлердің кіруі еш зиян емес. Өйткені ол директорлар кеңесіне нарықты көре білетін кәсіпкерлерді тартпасаң, онда ғылым-білім нарықтан алыстап кететінін ескертті.

«Ал ғылым білім нарықтан алыстаса онда ол қоғамға жұмыс істемейді. Біздің елде онсызда ғылым мен өндірістің арасында байланыс жоқ. Осы екі бағытты бір біріне жақындастыратын директорлар кеңесі. Директорлар кеңесінің ректорды тағайындауға құқығы жоқ. Алайда олардың ректорларға белгілі бір деңгейде бағыт-бағдар беріп, ұсыныстар айтуға мүмкіндігі бар.

Сондай-ақ ауыл шаруашылық бағытындағы университеттің ректорын тағайындаған кезде ұлты қазақ фермерлерді қосу керек. Мәселен Жер комиссиясында фермерлер мен экономистер екі түрлі ойлайды деген пікірлер болды ғой. Сондықтан комиссия құрамын университеттің бағытына байланысты іріктеп, ректорлар кеңесі құрылуы керек. Егер педогогикалық бағыттағы университет болатын болса, ұстаздар мен мықты мектептердің директорлары мүше болуы керек.

Бірақ ол жерде кеңестің төрағалығы бәрі бірде Білім және ғылым министрлігінің құзырында тұр ғой. Оның біріншісінің төрағасы Асхат Аймағамбетов болса, екіншісін вице-министр Мирас Дәуленов басқарады. Бәрі бір ең соңғы сөзді министрлік айтады. Сондықтан бұл процестерден қорқудың орнына комиссия құрамына ұлттық бағыттағы кәсіпкерлерді тарту керек», – дейді Аятжан Ахметжан.

Жоғарыда айтқанымыздай ректорларды тағайындауды конкурс арқылы шешкен құптарлық дүние. Алайда бұл жерде бәрібір биліктің мақұлдауынан өткен адам ғана ректор болатыны анық. Сондықтан да алдағы уақытта ректорларды универсиет ұстаздары мен студенттері сайлау арқылы бекітсе, тіпті жақсы болар еді.
Сондай-ақ директорлар кеңесінің Зарема Шәукенова, Нұрлан Смағұлов, Арманжан Байтасов және Данияр Әшімбаев секілді кейбір мүшелері қазақ тілін шала немесе мүлде білмейді.

Ұлттық университеттердің ректорларын мемлекеттік тілді білмейтін азаматтардың сайлауы қаншалықты дұрыс? Жүсіпбек Аймауытұлының «Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды» деген сөзін ескеретін болсақ, орыс тілді қазақ жоғары оқу орындарының басшыларын таңдағанда ұлттық мүддеге сай әрекет ете ме?

Серік Жолдасбай

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.