Нұрсұлтан Назарбаев қоры америкалық басылымды сотқа берді.
Нұрсұлтан Назарбаев қоры америкалық басылымды сотқа берді

Нұрсұлтан Назарбаев қоры журналистік зерттеу жүргізетін америкалық Journalism Development Network басылымын сотқа берді. Бұл туралы Courthouse News Service басылымы жазды.

«Қазақстандық қайырымдылық ұйымы Нұрсұлтан Назарбаевтың миллиардтаған долларлық байлығы, яғни активтері туралы жазылған мақала оның іскерлік беделіне нұқсан келтіреді деп санайды. Сол себепті Мэриленд штатында орналасқан коммерциялық емес журналистік зерттеу ұйымын жала жапты деп сотқа берді»,-делінген мақалада.

Басылымның мәліметінше, Қордың мүддесін Вашингтондағы заңгерлік фирманың адвокаты қорғайды.

«Аталған қор Нұрсұлтан Назарбаевқа және Назарбаев интеллектуаль мектебіне қаржылай қолдау көрсету мақсатында және Батыста мамандар даярлауға көмектесу үшін құрылған»,- делінген Назарбаев қоры атынан берілген арызда.

Осы іс бойынша ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қатысты тақырыптарды қаузауға маманданған Балтимордағы Journalism Development Network басылымы жауапкер ретінде танылып отыр. Бұл 10 жылдан бері бүкіл әлем бойынша саясат пен мемлекеттік органдардағы жемқорлықты қадағалап келе жатқан ақпарат агенттігі.

«Бұл арыздың ешбір негізі жоқ деп есептейміз және сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) біздің нұсқамызды қолдайды»,-дейді басылымның атқарушы директоры Дрю Салливан.

Қаңтардың 19-ы күні жарияланған мақалада Қазақстанның бұрынғы президентіне қатысты аттас төрт бөлек қайырымдылық ұйымы сөз етілген.

«Назарбаев қорының» баспасөз хатшысынан басқа үш қайырымдылық ұйымның ешқайсысы басылымның сауалдарына жауап бермеген. Баспасөз хатшысы бұрынғы президент қордың ешбір мүлкін пайдалана алмайтынын, өйткені бұл заңға қайшы екенін айтқан.
Белгілі болғандай, OCCRP бұрынғы президенттің төрт қорының активін және екі банктегі үлесін, мобильді байланыс компаниясы мен пентхаус ретінде жасалған Airbus ACJ320neo ұшағын 7,8 млрд долларға бағалаған.

«Кейбір активтер Назарбаевтың қорына берілді немесе олигархтардың ортақ меншігі болып табылады, олардың байлығы оның билігі тұсында гүлденген жарқын капитализмге қарыздар. Қазақстан үкіметі ақшаны жеке компанияларға салды, кейіннен олар қайырымдылық қорлары болып шыға келді. Нәтижесінде Назарбаевтың коммерциялық емес ұйымдары көптеген трансұлттық конгломераттарға қарағанда үлкен бизнес портфельдерге ие»,-делінген OCCRP мақаласында.

«Қорлар коммерциялық емес болғандықтан, Назарбаев олардың орасан зор активтеріне ресми түрде иелік етпейді. Алайда OCCRP хабарласқан заңгерлер Қазақстан заңнамасы бойынша жеке қордың құрылтайшысы оның активтеріне толық бақылау жүргізетінін түсіндірді»,-деп жазды басылым.

Сондай-ақ, мақалада Назарбаев ұшағы сөз етіледі. Қор иелегінде ұшақтың бар-жоғы белгісіз болғанымен, оны Назарбаев қолданатыны туралы сенімді дәлелдер бар екенін жазады.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk