Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің бірінде студент Ақнар Гүлстанның қаза болуына қатысты іс бойынша қорғау құқығына ие куәгер қыздардың тарапынан баспасөз мәслихаты өтті. Қыздардың адвокаттары олардың ұстанымын жариялап, марқұмның анасы бұған дейін айтқан мәлімдемелерге түсініктеме берді.
Баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылардың айтуынша, мәлімдеме жасауға себеп – куәгерлерге қатысты бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде тарап жатқан «жалған айыптаулар» болған. Кездесу барысында олардың кінәсіз екенін дәлелдейтін деректер ұсынылатыны және 2024 жылғы 19-нан 20 шілдеге қараған түні орын алған қайғылы жағдайдың мән-жайы түсіндірілетіні айтылды.
Баспасөз мәслихатында куәгер қыздарды қорғаушы тарап сот-медициналық сараптаманың кейбір қорытындыларын жария етті.
«Бізге тағайындалған сот-медициналық сараптамаға сәйкес, мәйітті ашу кезінде бірнеше дене жарақаттары анықталды… Сіздер тырнақтары жұлынған, басқа да жарақаттар болған деп айтып жүрсіздер. Алайда алғашқы сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, азаптау немесе қинау белгілері табылған жоқ», – деді олар.
Бұған дейін Ақнар Гүлстанның анасы Камит президентке әділ тергеу жүргізу, істі ауыр баптарға қайта саралау және оны Астанаға беру туралы өтінішпен жүгінген. Ол Алматыдағы тергеушілерге сенбейтінін айтып, қызының телефонында зорлық-зомбылық көріністері бар бейнежазбалар қалғанын, оқиға орнынан жеке заттары жоғалып кеткенін мәлімдеген болатын.
Ал Алматы Полиция департаменті қыздың өліміне қатысты тергеу барысы департамент басшылығының ерекше бақылауында екенін хабарлады.