Ақтөбе қаласында дүкеннің ішінде оттегі баллоны жарылып, өрт шықты. Оқиға А.Макаренко көшесіндегі сауда нысандарының бірінде 31 мамырда күндіз болған. Бұл туралы ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.
«112 пультіне Ақтөбе қаласы Астана ауданындағы А.Макаренко көшесінде орналасқан бес қабатты үйдің біріне жапсарлас салынған дүкенде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Өрттің жоғары дәрежесі бойынша келген есептоптар дүкен шатырының ағаш конструкциялары жанып жатқаны және ТЖД күштері келгенге дейін болған оттегі баллонының жарылғаны туралы баянат жасады», — делінген хабарламада.
Өрт сөндірушілер өрт ошағын табу үшін шатырды ашып, өртті 100 м2 алаңда сөндірді. Өрттен зардап шеккен екі адам күйіктермен ауруханаға жеткізілді.