Журналист Қымбат Досжан анасын іздеп жүрген белгиялық Жәнібекке қатысты жаңа ақпаратпен бөлісті. Бұған дейін 2024 жылғы 31 қаңтарда Арқалық қаласының полициясы ҚР ҚК 135-бабы 3-бөлігі (кәмелетке толмағандар саудасы) бойынша қылмыстық іс қозғаған болатын. Алайда іс әлі сотқа жетпеген.
2025 жылғы 9 маусымдағы қаулыға сәйкес, көптеген адамдардан қан үлгілері алынып, Жәнібектің ДНҚ-сымен салыстырылған. Бір адамға 12 000 доллар алды деген күдік түскенімен, ол қорғалуға құқығы бар куә ретінде танылыпты.
Қымбат Досжан перзентхана мен балалар үйі қызметкерлерінің салғырттығы заң алдында бағалануы тиіс екенін айтып, Жәнібектің әкесі болуы мүмкін деген адамның ұлынан да ДНҚ сараптамасын алуды ұсынды.
«Енді негізгі жаңалығымыз – мен Жәнібектің ресми өкілі ретінде Халық заңгері – Мейірман Қалмаханұлының көмегіне жүгіндім. Жалғыз өзім күресіп, қиналып кеткенім рас, өйткені, жәбірленушінің ресми өкілі ретінде iс бойынша белгiлi мән-жайлар туралы мәлiметтердi жарияламауға міндеттімін. Ендігі уақытта білімді, білікті заңгермен бірлесіп, күрмеуі қиын бұл оқиғаның шешімін табамыз деп сенемін. Біз әділ шешім қабылданғанын талап етеміз. Аталған іске қатысты ресми әрі нақты мәліметті менің, Жәнібектің және Мейірман Қалмаханұлының ғана парақшасынан біліп отырасыздар. Елдегі ғана емес, шетелдегі қазақтарға да жанашыр болып жүрген Халық заңгерінің ұсынысымды қолдағанына алғысым шексіз және алдағы жұмысына сәттілік тілеймін!», — деп жазды Қ. Досжан.