arasha.kz

Ақтөбеде ер адам трансформаторларды ұрлаған

Ақтөбе қаласының тұрғын алаптарында құрылысшылардың арнайы киімін киген ер адам трансформаторларды ұрлап жүрген.

«Диапазон» басылымының хабарлауынша, 33 жастағы астаналық тұрғын Нұрлан өз көлігі – Opel Omega-мен Ақтөбеге келіп, такси қызметімен айналыса бастаған. Сонымен қатар, қылмыстық жолды да меңгеруді ұйғарған.

Ол құрылысшылардың арнайы киімін, каска, бұрыштық тегістегіш (болгарка), жұмысшы қолғаптарын сатып алып, трансформаторларды ұрлауға ыңғайлы қосалқы стансаларды іздей бастаған. Мұндай нысандардың бірі Есет батыр тұрғын алабындағы №16 үйдің жанынан табылған. Барлығын дайындағаннан кейін ол сайт арқылы арнайы техника жалдап, ұрланған трансформаторды сол тұрғын алаптағы автотұраққа уақытша сақтауға апарған. Арнайы техниканың жүргізушісі өз әрекетінің ұрлыққа қатысы бар екенін білмеген. Бұл трансформатор қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне тиесілі болып, оның құны екі миллион теңгеден аса деп бағаланған.

Осыған ұқсас әдіспен – құрылысшы кейпіне еніп, арнайы техниканы жалдау арқылы – ол Алтын Орда шағын ауданындағы қосалқы стансалардан тағы төрт трансформатор ұрлаған. Кейбір жағдайларда жалғыз әрекет етпеген. Теміржол вокзалында Солтүстік Қазақстан облысы Ақкөл ауылынан келген ер адаммен танысып, оған бірге трансформатор ұрлауды ұсынған.

Exit mobile version