Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотында қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін (ӘҚБтК 434-бап, 1-бөлім) азамат Ж.-ға қатысты іс қаралды.
Осы жылдың 10 маусымында азамат Ж. Астана қаласында орналасқан «Қаратөкел» көпірінің аркасына шығып, одан секіретінін мәлімдеген.
Ол түсірген бейнежазбасын бұрынғы жұбайына ғана емес, жеке сот орындаушысына да жолдаған. Бұл жайт жеке сот орындаушысының өтініші негізінде Астана қаласы «Есіл» ауданының полиция басқармасында тіркелген.
Сот отырысында Ж. кінәсін толық мойындады. Оның айтуынша, некесі бұзылғаннан кейін алименттік міндеттемелер бойынша 1 миллион теңгеден астам қарызы жиналған.
Қаржылық қиын жағдай мен эмоционалдық күйзеліс оны қоғамдық тәртіпті бұзуға итермелеген.
Сот Ж.-ны кінәлі деп танып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.