Жол-көлік оқиғасы кеше «Самал» тұрғын үй кешені маңындағы аялдамада орын алды. Жолаушылар отырған автобус бағанаға соғылып, бірнеше адам жарақат алды. Белгілі болғандай, автобус Астана қаласындағы №1 автопаркке тиесілі.
Алдын ала мәлімет бойынша, Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы 10 адамның түрлі дене жарақаттарымен қалалық ауруханаларға жеткізілгенін хабарлады. Зардап шеккендердің екеуі Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығына жеткізіліп, қажетті медициналық көмек көрсетілуде.
Зардап шеккендердің бірі ауыр жағдайда болғандықтан, оған шұғыл ота жасалды.
Полиция бұл жол апатына қатысты тергеу жұмыстарын бастады.
«Адамның денсаулығына абайсызда ауыр зиян келтірген жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында автобустың жүргізушісі жолаушылармен бірге маршрут бойымен келе жатып, маневр жасау кезінде көлікті басқара алмай, ақпараттық тақтаның тірек бағанасына соғылғаны анықталды», – делінген Полиция департаментінің хабарламасында.
Қазіргі уақытта полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жан-жақты тексеру жүргізіп жатыр.