Қазақстанда танымал гүл брендінің негізін қалаушылардың бірі Астанадағы жеке деректердің таралуына байланысты даулы оқиғаға қатысты болып шықты.
Актөбе облысының полициясы Астана тұрғынының жеке деректерінің таралуына қатысты істі тергеуге асығар емес.
«Материал негізсіз түрде Актөбе облысының полиция департаментіне жолдануына байланысты, арыз Астана қаласы Байқоңыр ауданының прокуратурасына ведомстволық бағыныстылық бойынша қайта жолданды. Бұған дейін азаматтың өтініші бойынша материал Астана қаласының полиция департаменті тарапынан арнайы нарядқа тізімге алынған», – деп хабарлады Актөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, Астана қаласы Байқоңыр ауданының полициясы бұған дейін Астана тұрғынының жеке деректерінің таралуына байланысты істі мұрағатқа жіберген. Алайда Байқоңыр ауданының прокуратурасы бұл шешіммен келіспей, қылмыстық құқықбұзушылық белгілерін көріп, полицияның шешімін жойды.
«2025 жылдың 14 мамырында №257121010000066 тіркеу нөмірімен КУИ материалы аудан прокуратурасымен тіркеліп, тексеру жүргізу үшін Актөбе облысы ПД Актөбе қалалық полиция басқармасына жолданды», – делінген Байқоңыр ауданы прокуроры Е.Алмазұлының жауабында.
Жәбірленушінің адвокаты Әсел Абсадықова жеке деректердің таралу фактісі бойынша Актөбе облысының құқық қорғау органдарын істі созып отыр деп санайды.
«Жеке деректердің таралғаны туралы барлық дәлелдер істе бар. Құқықбұзушылық Актөбе аумағында жасалған, алайда Актөбе полициясы екі айдан астам уақыт ішінде материалды екі рет Астанаға қайтарып, қылмыстық құқықбұзушылықтың анық фактісі бойынша тергеуді бастауға асығар емес», – деді адвокат.
Адвокаттың айтуынша, жеке деректерді таратқан адам – Актөбеде орналасқан Қазақстандағы танымал гүл бренді негізін қалаушылардың бірі.
Еске салсақ, Астана тұрғынының жеке деректерін мессенджер арқылы Актөбе тұрғыны таратқан. Бас прокуратураның тапсырмасы бойынша жүргізілген тексеру нәтижесінде бұл мәліметтер ІІМ-нің жабық базасынан құқық қорғау органдарының бір қызметкері арқылы алынғаны анықталған.