2025 жылдың 22 маусымында шамамен 20:30-да Астанадағы «Millennium Park» тұрғын үй кешенінде ауыр қылмыс тіркелді. Пәтерлердің бірінен пышақ жарақаттарымен қыздың мәйіті табылды. Алдын ала дерек бойынша, оған бұрынғы жігіті шабуыл жасаған.
Куәгерлердің айтуынша, оқиға алдында пәтерден айғай-шу естілген. Қайғылы жағдайдан кейін күдікті көшеде өтіп бара жатқан адамдарға пышақпен тап беріп, марқұмның кәмелетке толмаған інісін жаралаған. Жасөспірімді балалар алаңынан пышақ жарақатымен тауып, ауруханаға жеткізді.
Астана қалалық полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты түсініктеме берді:
«Тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінен пышақ жарақаты бойынша хабарлама келіп түсті. Оқиға орнынан зорлық-зомбылық белгілері бар қыздың денесі табылды. Сондай-ақ оның кәмелетке толмаған інісі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», — делінген ресми мәлімдемеде.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.