Астана Мәдениет басқармасының ұсталған экс-басшысы Болат Мажағұловқа 1 миллиард теңгеден астам ақшаны ұрлады деген айып тағылып отыр.
Қаржылық мониторинг агенттігіАстана қаласының «Мәдениет басқармасы» ММ-нің бұрынғы басшысы мен мердігер ұйым өкілдеріне қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
«2016 жылы Астана күні мерекесіне орай салынған «Күн» («Есіл өзеніндегі жарық-иллюминациялық және от шоуы») субырқағының құрылысы кезінде мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілмей тікелей келісімшарттар жасалған. Субұрқақ жобалық құжаттамасыз және мемлекеттік сараптамадан өтпей салынған. Құрылыс барысында техникалық сипаттамаларға сәйкес келмейтін сапасыз материалдар қолданылған. Нәтижесінде аталған нысан 2017 жылдан бастап жұмыс істемей, қазіргі таңда апатты жағдайда тұр», – делінген хабарламада.
Ұрланған қаражаттың көлемі 1 млрд теңгеден асып отыр.
Күдікті, Астана қаласының «Мәдениет басқармасы» ММ-нің бұрынғы басшысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу аясында оның мүлкіне тыйым салынды. Оның ішінде 3 коммерциялық нысан, 2 автотұрақ орны және Астана қаласындағы премиум санаттағы пәтер.
Аталған іс бойынша күдіктілердің мүлкіне жалпы сомасы 572 миллион теңгеден астам сомаға шектеу қойылды.
Фото: «Вечерняя Астана»