Атыраудағы тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында екі жұмысшы бесінші қабаттан құлап, біреуі оқиға орнында қайтыс болды, екіншісі жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы AtyrauPress хабарлады.
«Атырауда құрылыс алаңында қайғылы оқиға болды: екі жұмысшы бесінші қабаттан құлады. Біреуі қайтыс болды, екіншісі ауруханада», – делінген хабарламада.
Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, оқиға 20 қаңтар күні сағат 11:15 шамасында болған. Құлау салдарынан 43 жастағы ер адам өліммен үйлеспейтін жарақаттар алды, ал 33 жастағы әріптесі облыстық ауруханаға жеткізілген.
Тергеушілер оқиға фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Сот-медициналық сараптама тағайындалып, жан-жақты тергеу әрекеттері жүргізілуде.