21-04-21 |
1580 рет қаралған
Атырауда тағы да жер дауы күшейді.
Атырауда тағы да жер дауы күшейді

Атырауда тағы бір жер дауы басталды. Облыс аумағындағы Тасқала ауылының 100-ден астам тұрғыны «ЭлитСтрой» ЖШС жеке компаниясының карьерлік жұмыстарды жүргізуіне наразылық білдіріп жатыр.

Ауыл маңында жаңа карьерден басқа тағы сондай екеуі бар. Оның бірі Иманғали Тасмағамбетов Атырау облысының әкімі болған кезде жабылған. Екіншісі де істемейді деп жазды Stan.kz ақпарат агенттігі «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап. 

«Осылайша, олар карьерді пайдаланады және қалдырып кетеді. Бізден ешкім сұрамады, ешкім ескерткен жоқ. Мұнда адамдар тұрады, неге бізден сұрамайды?»- дейді зейнеткер Гүлсім Наубетова.

Жергілікті тұрғындарының айтуынша, ауыр жүк көліктері Тасқалдан Атырауға құм тасып, канал арқылы өтетін көпірді бүлдіріп үлгерген – онда шұңқырлар пайда болып, түйістер ажырап жатыр. Оларға ауыл арқылы құм тасымалдауға тыйым салынып, айналма жол бөлінген, бірақ жүргізушілер бұл тыйымды елемейді.

«Карьер қоршаған ортаға ғана емес, ауыл тұрғындарының денсаулығына да үлкен зиян келтіреді. Желді күні шаңмен дем аламыз. Сонымен қатар, жайылымдық жерлер күрт қысқарды. Неліктен біздің пікірімізді білу үшін қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырылмады? Конституцияда жердің халыққа тиесілі екені жазылған және біз бұл жерді қорғаймыз!»- деді Тасқала тұрғыны Абай Уәли.

Жергілікті тұрғындар шағымдарын шенеуніктермен және жеке компания өкілімен кездесуде айтты. Кеңүзек ауылдық округінің әкімі Ернар Өтешқалиев «ЭлитСтрой» ЖШС-нің барлық құжаттары бар және кәсіпкерлер заңға сәйкес жұмыс істейді деп сендірді.

«Жер берер алдында құзырлы органдар зерттеп, жан-жақты тексеруден өткізді», – деді ол.

Әкімнің сөзін оқиға орнына келген ЖШС өкілі Ғаділбек Өмірзақов пен Атырау облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Қадыржан Арыстан растады.

«Бұл жерлерді жалға беру облыс әкімінің қаулысымен бекітілген. Біз өзгерте алмайтын нормативтік құжаттар бар, өйткені оны тек орталық деңгейде жасауға болады. Мәжіліс депутаттарынан елді мекендер маңында карьерлер қазуға тыйым салуды сұрауымыз керек. Тек осылай ғана мәселені шешеміз», – деді Арыстан.

Осы ретте ауыл тұрғындары былтыр қаңтарда Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Тасқала ауылының маңында карьерлер қазуға рұқсат берген құжатты көрсетті. Шешімге сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева, Айбек Крамбаев, Серік Шапкенов, Ержан Абылханов, Әлібек Нәутиев және басқа да лауазымды тұлғалар келіскен.

Бұған дейін Атырау мен Астрахань облыстарының шекарасында жаңа қоршаулардың орнатылуына байланысты Көптоғай ауылының халқы шу көтерді. Тұрғындардың наразылығынан кейін қоршаулар бұзылды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.