Азаматтардың атына алаяқтықпен несие рәсімдеген қылмыстық топтың қатысушылары ұсталды.
26 қарашада Ақмола облыстық ПД өңір прокуратурасының бастамасымен жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ақмолалық азаматтардың атына екінші деңгейдегі банктерден несие ресімдеумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топты әшкереледі.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ұстау шарасын Көкшетау және Алматы қалаларында өткізді. Барлығы жедел қызметкерлер қылмыстық топтың 5 мүшесін ұстады және уақытша ұстау изоляторына қамады.
Жедел уәкілдердің айтуынша, бірнеше ай бойы төрт ақмолалық пен оңтүстік астананың тұрғыны негізінен ауылдық жерлерден адамдарды тауып, алдау жолымен олардың атына ірі көлемде несие рәсімдеген. Сенімге қиянат жасаудан басқа, жәбірленушілерді Алматы қаласына әкетіп, жылдам табыс табуға уәде берген.
Бүгінгі таңда топтың қылмыстық әрекетінен зардап шеккен 7 адам белгілі болды. Полицейлердің айтуынша, құрбандардың нақты саны әлі де анықталып жатыр. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері тінту іс-шаралары кезінде қолма-қол ақшаны, травматикалық және суық қаруды, сондай-ақ телефондарды, флэш-карталарды және банктік келісімдерді тауып, тәркіледі.
Ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында жасалған алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Барлық бес қатысушы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеп-тексеру аясында полиция қызметкерлері жәбірленуші азаматтардың санын және залалдың жалпы сомасын анықтап жатыр.