Біз
әлеуметтік
желіде
09-05-25 |
110 рет қаралған
Бишімбаевтар жалған сараптама үшін BAU мейрамханасын беруге дайын болды – куәгер.
Бишімбаевтар жалған сараптама үшін BAU мейрамханасын беруге дайын болды – куәгер

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ата-анасының Қайрат Кемеловқа қарсы азаматтық ісі бойынша өткен сот отырысында куәгер отбасылардың жалған сараптама үшін BAU мейрамханасын беруге дайын болғанын айтты. Бұл туралы «За нами уже выехали» тelegram-арнасы жазды.

«Ол (Қуандық Бишімбаевтың анасы – ред.) тіпті “болмаса, BAU мейрамханасын толықтай аудара саламыз” деп ұсынды. Бұл – Нұрлыбекованың (Бишімбаевтың анасы – ред.) сөзі, олардың пайдасына сараптама жасалуы үшін: яғни Нүкенова өз салмағымен биіктіктен унитазға құлағандай етіп», – деді Қайрат Кемеловтың жұбайы Бекзат Кемелова.

Қайрат Кемелов – Бишімбаевтар әулетінің туысы және Қуандық Бишімбаевтың азаматтық жұбайы Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сотта куәлік еткен сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаровтың әріптесі.

Талапкерлердің адвокаты Ерлан Газымжанов ар-намысты қорғау істерінде дәлелдеу жауапкердің міндеті екенін айтты. Оның сөзінше, куәгер сол әңгіменің кезінде нақты қатыспаған, сондықтан оның айтқандары дәлел бола алмайды. Газымжанов сондай-ақ мәміленің шынайылығына күмән келтірді.

«Кемелов 9 қараша күні (2023 жыл – ред.) қайғылы оқиғадан кейін үйге келгенін және дәл сол күні оған (Бишімбаевтың ата-анасы – ред.) осылай айтқанын жеткізді. Бұл ақпарат тек ауызша, дәлелсіз мәлімдемеден басқа ештеңемен расталмайды. (…) Бір адамды “басын ұрып алған” деп айтуы үшін BAU мейрамханасын сарапшыға қалай беру мүмкін? Иә, өз бойының биіктігінен құлау мүмкін, бірақ бұл автоматты түрде ақталып кетуді білдірмейді. (…) Бұл үшін BAU мейрамханасын берудің қажеті қанша? Егер Кемелов шын білсе, оған құжат көрсетілген болар еді: BAU Бишімбаевқа тиесілі емес. Оны басқа біреуге рәсімдеу мүмкін емес. Ол тек “Гастроцентрден” жалға алып, сол жерде тағам сатқан. Бұл жалға алынған орынды рәсімдеп беру заң жүзінде мүмкін емес», – деді Газымжанов.

Өз кезегінде, жауапкердің адвокаты Игорь Вранчев талапкерлер оның сенім білдірушісінің сөздерінің жалған екенін дәлелдей алмағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Бишімбаевқа қатысты өткен сотта экс-министрдің BAU-дың шынайы иесі екені анықталған. Вранчевтің пікірінше, Бишімбаевтың ата-анасының ар-намысы туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз.

«Менің сенім білдірушім таратқан мәліметтер олардың (талапкерлердің – ред.) ар-намысына нұқсан келтіре ме? Менің ойымша, олардың ар-намысына ештеңе төнбейді, себебі егер оларда сондай ар-намыс пен абырой болған болса, оны олардың ұлы бірінші рет сот алдында жауап бергенде-ақ бүлдіріп қойған. Сондықтан олардың қандай да бір ар-намысы бар деу — мәнсіз. Құрметті сот, талапкер тараптан Кемелов сұхбатында айтқан ақпараттың шындыққа сай еместігін дәлелдейтін ешбір айғақ ұсынылған жоқ», – деді Вранчев.

Сот шешім шығару үшін кеңес бөлмесіне кетті. Үкім бес жұмыс күні ішінде жарияланады.

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.