Интернетте Smart Coffee франшизасының иесі Евгений Глинскийдің 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларына қатысты пікірі тарады. Алайда кәсіпкер бұл пікірді өзі жазбағанын айтады.
Қазақстандағы өзіне-өзі қызмет көрсететін Smart Coffee кофеханалары бойкот толқынына ұшырады. Бұған себеп – әлеуметтік желіде Ресейлік кәсіпкер Евгений Глинскийдің аты-жөні көрсетілген аккаунттан қаңтар оқиғалары туралы пікірдің скриншоты жариялануы. Онда Қазақстандағы наразылықты басуда ҰҚШҰ-ның (ОДКБ) рөліне сілтеме жасалған, деп жазды журналист Михайл Козачков өзінің телеграм арнасында.
Бұл пікір желі қолданушыларының ашуын тудырды. Пайдаланушылар Smart Coffee кофеханаларына бойкот жариялап және олардың рейтингін 2ГИС қосымшасында төмендетуге шақыруда.
Қазақстандықтар әлі де теріс пікірлер қалдырып, Smart Coffee өнімдерін сатып алмауға үндеп жатыр.
Өз кезегінде Евгений Глинский бұл пікірді өзі жазбағанын, аккаунтына кибершабуыл жасалғанын айтып, ресми түрде кешірім сұрады. Ол қазақстандықтарды және қаңтар оқиғаларын құрметтейтінін мәлімдеді.
Smart Coffee – франшиза арқылы жұмыс істейтін өзіне-өзі қызмет көрсететін кофеханалар желісі. Қазақстанда бұл атаумен тіркелген екі заңды тұлға бар. Қазіргі уақытта компанияның ресми сайты қолжетімсіз.
Айта кетейік, бұған дейін Астанадағы Qazaq Coffee кофеханасы мәзірді қазақ тілінде ұсынудан бас тартқаны үшін сынға ұшырап, бойкоттан кейін жабылған еді.