24-02-21 |
1010 рет қаралған
БҚО-дағы жол апатына қатысты тың деректер.
БҚО-дағы жол апатына қатысты тың деректер

Батыс Қазақстандағы жантүршігерлік жол апаты туралы жаңа мәліметтер шықты. Тас жолда алты адам қаза болды. Олардың бесеуі Базартөбе ауылының тұрғындары.

Жергілікті тұрғындар жол апаты үнемі тіркелетін тас жолды «өлім жолы» деп атап кеткен, деп хабарлайды  Астана арнасы.

Тас жолдағы жол апаты алты адамның өмірін қиды. Автокөліктердің бірінің салонында төрт әйел мен жүргізуші болған. Олар Базартөбеден көрші Тайпақ ауылына жұмыстарымен барған. Қайғылы жағдай олар үйіне қайтып бара жатқанда болған. Сол сәтте олардың машинасы жылдамдықпен қарама-қарсы бағытта келе жатқан көлікпен соқтығысқан. Бұл оқиға бүкіл ауылды дүр сілкіндірді.  Бір отбасы екі қызынан айырылды. Он бес бала анасыз қалды.

«Ауылдан адамдар үйіне қайтып келе жатқан. Осы апатта менің келінім қайтыс болды. Ол өте жақсы адам болатын. Біз ешкімді кінәламаймыз, бәрі Құдайдың қалауымен болды. Қазір біз жерлеуге дайындалып жатырмыз», – деді марқұмның туысы Ғайса.

Қайғылы оқиғадан бірнеше сағат өткен соң сол жолда тағы екі апат болды. Екі адам қаза тапты. Бұл тас жолды жергілікті тұрғындар «өлім жолы» деп атайды. Апаттар үнемі болып тұрады. Тек екі айдың ішінде мұнда 16 адам апатқа ұшырады. Жолдың тарлығы, тазаланбауы,  ауа-райының нашарлығы, жол қозғалысы ережелерін бұзу – мұның бәрі көліктердің соқтығысуына әкеледі, дейді полиция қызметкерлері.

«Жүргізуші жол жүру ережелерін бұзған, атап айтқанда қарсы қозғалыс жолағына шығып, нәтижесінде көптеген адам түрлі жарақаттар алып, ауыр зардаптарға душар болған. Тиісті органдар жолдарды сирек тазартады, үлгермейді, сондықтан мұндай жағдайлар жиі кездеседі», – деді БҚО ПД ПС батальоны командирінің орынбасары Асланбек Сатыбалдиев.

Полицейлер жол тазаланбағаны үшін «Қазавтожолға» шағым түсірді. Бірақ онда жолды тәулік бойы, әсіресе қолайсыз ауа-райында тазартатынын айтты. 

«Бұрқасынның күшеюіне байланысты біздің «ҚазАвтоЖол» филиалының кураторлары Республикалық маңызы бар жолдардың жүру бөліктері мен жол жиектерін қардан тазалау арқылы үздіксіз қауіпсіз жүруді қамтамасыз ету бойынша жұмыстардың жүргізілуін бақылайды», – деді «ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Елдар Садық.

Жақын арада бұл жолды жөндей бастайды. Қазірдің өзінде тендер жарияланды, «Қазавтожол» мердігерді іздестіруде. Жөндеуден кейін жол кеңейеді. Онда бөлу жолағын жасайды, ол апаттың азаюына көмектеседі деп болжануда.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.