Шешен Республикасының басшысы Рамзан Қадыров 17 жастағы ұлы Адамның тойын дүркіретіп тұрып өткізді. Қадыров тойға бірнеше елдің елшілері келгенін, оның ішінде Қазақстан елшісі де қуанышымен бөліскенін мәлімдеді.
«Достар, осы күндері Грозныйда өзім ерекше құрметтейтін және қадірлейтін көптеген қонақтарды, соның ішінде Иран, БАӘ, Түркия және Қазақстан елшілерін қарсы алу мен үшін үлкен қуаныш болды. Олардың барлығы Шешен Республикасы Тұңғыш Президенті, Ресей Батыры Ахмат-Хаджи Қадыровтың немересі Адамның үйлену тойымен біздің отбасымызды құттықтауға келді», -деп жазды Р. Қадыров әлеуметтік желіде.
Сондай-ақ ол Ресей вице-премьерлері Денис Мантуров пен Александр Новакты, Ресей Президентінің СКФО-дағы уәкілетті өкілі Юрий Чайканы, ЛДПР төрағасы Леонид Слуцкийді, Ресей субъектілерінің басшылары Андрей Воробьев, Мұрат Кумпилов, Рашид Темрезов, Қазбек Коков, Рустам Минниханов, Махмуд-Али Калиматов, Сергей Меняйло, Денис Пушилин, Сергей Меликовты, әлемдік спорт жұлдыздарын, ғылым, мәдениет, дін қайраткерлерін және көптеген басқа да қонақтарды көріп, кездестіргені үшін шын жүректен қуанышты екенін мәлімдеді.
«Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинге, Мемлекеттік дума төрағасы Вячеслав Володинге, РФ Президенті Әкімшілігінің басшысы Антон Вайноға және Федерация Кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенкoге отбасымызға жолдаған құттықтаулары үшін ерекше алғысымды білдіремін. Мұндай ілтипатты біз жоғары бағалаймыз. Грозныйға келуге ниетті жандар бұдан да көп болғанын білемін, бірақ түрлі себептерге байланысты бәрі келе алмады. Дегенмен, олардан алған жылы лебіздер мен құттықтау тілектер біз үшін өте қымбат», — деп жазды шешен басшысы.
Айта кетсек, Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі – Дәурен Әскербекұлы Абаев. Ол Қазақстан Президентінің жарлығымен осы қызметке 2023 жылғы 3 шілдеден бері тағайындалған.