Ақтөбеде сот 28 жастағы әйелге үкім шығарды. Ол үш жасар ұлы мен 11 айлық қызын жастықпен тұншықтырып өлтірген болатын.
Сот әйелдің қылмыс жасаған сәтінде есі дұрыс болмағанын мойындап, оны қылмыстық жауапкершіліктен босатты.
«Қылмыстық құқық бұзушылықты есі дұрыс емес күйде жасаған Гүлжанар Дәулетбаеваны Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 3-бөлігі бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылсын. Оған арнайы режимдегі республикалық психиатриялық ауруханада мәжбүрлеп ем қабылдау жазасы тағайындалсын», – деді судья Нұрлан Бақтығалиев.
Сот процесі әйелдің қатысуынсыз өтті, өйткені оқиғадан кейін оны Алматы облысы Талғар ауданындағы медициналық мекемеге жіберген. Дәрігерлер оған суицидке бейімділігі бар «басқа түрдегі параноидты шизофрения» диагнозын қойды.
Қайғылы оқиға 23 наурызда Қандыағаш қаласында, әйелдің туыстарының пәтерінде болған. Атырау облысының Сағыз ауылында күйеуі мен балаларымен бірге тұрған әйелді әкесі алып кеткен — бұл туралы күйеуі өтініш жасаған.
Екінші баласын дүниеге әкелген соң, әйелге босанғаннан кейінгі депрессия мен екінші дәрежелі психоз диагнозы қойылған.
Ол күйеуімен төрт жыл бірге тұрған. Бірінші декреттік демалысқа шыққанға дейін үш ай информатика пәнінен мұғалім болып жұмыс істеген.
Мектеп пен колледжді үздік бітіріп, екі жоғары білім алған. Тхэквондомен айналысқан. Тұрмысқа шыққанға дейін ешқандай мінез-құлқындағы ауытқушылық байқалмаған.