Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) кеңесі 2014 жылдың шілдесінде Донбасс үстінде апатқа ұшыраған Malaysia Airlines әуе компаниясының Амстердамнан Куала-Лумпурға бағыт алған MH17 рейсін орындаған Boeing 777 ұшағы үшін Ресейді ресми түрде жауапты деп таныды. Апат салдарынан 298 адам қаза тапты.
ICAO кеңесі Ресейді халықаралық азаматтық авиация жөніндегі конвенцияны бұзды деп айыптады, деп жазды BBC. Ресейдің өтемақы төлеу мәселесін ICAO кеңесі кейінірек қарайтын болады.
БҰҰ-ның мекемесі болып саналатын ICAO-ға бұл істі 2022 жылы Австралия мен Нидерланд үкіметтері жолдаған. Олар бұл шешімді қуана қарсы алды.
Соққыға ұшыраған ұшақ бортындағы жолаушылардың көпшілігі Нидерланд азаматтары болған. Сондай-ақ ұшақта Австралияның 38 азаматы, Ұлыбританияның 10 азаматы, сондай-ақ Бельгия мен Малайзия азаматтары болған.
«Біз Ресейді бұл зұлым әрекет үшін өз жауапкершілігін мойындауға және өз масқара әрекеті үшін залалды өтеуге шақырамыз», — деді Австралия сыртқы істер министрі Пенни Вонг өз мәлімдемесінде.
Нидерланд сыртқы істер министрі Каспар Вельдкамп ICAO шешімі — халықаралық қауымдастыққа берілген айқын белгі екенін айтты, яғни «мемлекеттер халықаралық құқықты жазасыз бұза алмайды».
«MH17 ісі бойынша ICAO кеңесінің шешімі — Ресей Федерациясын жауапқа тартудағы тағы бір маңызды қадам», — деді «Еуропалық ақиқатқа» берген сұхбатында Канададағы Украина елшісі әрі ICAO жанындағы өкіл Юлия Ковалив.
«Авиалайнер апатын» тергеу барысында Халықаралық тергеу тобы MH17 ұшағы Ресейлік «Бук» зениттік-зымыран кешенінен атылған зымыранмен атып түсірілгенін анықтаған болатын.
2022 жылы Гаага округтік соты үш адамды, соның ішінде өздерін «ДХР-дің қорғаныс министрі» деп атаған Игорь Стрелковты кінәлі деп танып, оларды сырттай өмір бойына бас бостандығынан айырды.
Ресей өз кезегінде малайзиялық ұшақтың кім және қалай атып түсіргені туралы нұсқаларын бірнеше рет өзгертіп, бұл апатқа қатысы барын үздіксіз жоққа шығарып келді.
Фото: Reuters