Бали аралында екі қазақстандық пен бір америкалық азамат ұсталды. Олар есірткі сатты деген күдікке ілінген, деп хабарлады жергілікті The Jakarta Post басылымы.
Америкалықты 23 мамырда ұстаған. Одан амфетамин салынған жеті орам – жалпы саны 99 таблетка табылған. Оған есірткіні сақтау ғана емес, тарату айыбы да тағылып отыр.
Қазақстан азаматтары сәуір айында тұтқындалды. Тергеу нұсқасына сәйкес, олар шамамен 49 грамм метамфетамин тасымалдап, оны тапсырыс берушіге жеткізуді көздеген. Оларға тағылған айыптар Индонезия заңында ең қатал жаза — ату арқылы өлім жазасы қарастырылған қылмыстар санатына жатады.
Джакартадағы АҚШ пен Қазақстан елшіліктері әзірге бұл жағдайға қатысты пікір білдірген жоқ. Қазақстан билігі оқиғаның мән-жайын нақтылауда.
Бали аралының есірткіге қарсы күрес қызметінің мәліметінше, 2025 жылдың сәуір-мамыр айларында аралда есірткі саудасына байланысты 15 іс тіркелген.