Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Таяу Шығыста шиеленіскен қақтығыс жағдайына қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, ҚР СІМ бұл аймақтағы жағдайды жіті бақылауда ұстап отыр.
Министрлік мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта Иранда – 132, ал Израильде – 219 Қазақстан азаматы бар.
«Қазақстанның осы елдердегі елшіліктері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Дипломаттар отандастарымызбен тұрақты байланыс орнатып отыр», – деді Айбек Смадияров.
Ол Таяу Шығыстағы қақтығыс ушығу кезеңінде қазақстандықтар арасында зардап шеккендер жоқ екенін атап өтті.
«ҚР Сыртқы істер министрлігінің бұл өңірге ұшудан бас тарту жөніндегі ұсынымдарына қарамастан, отандық әуе тасымалдаушылар бұл бағытқа жолаушыларды толық рейстермен жөнелтуді жалғастырды», – деп қосты ол.
Таңертең белгілі болғандай, Ираннан эвакуациялау үшін Түрікменстан қазақстандықтарға транзиттік мүмкіндік ұсынған.