Қарағанды облысы, Шет ауданындағы ауылда тұратын жас әйелдің ата-анасы зорлық-зомбылық ісі бойынша қылмыстық істің ашық тергелуін және Ақшатау ауылының бұрынғы әкіміне қылмыстық жауапкершілік жүктеуді талап етуде.
«Мен – ішкі істер органдарының зейнеткерімін. Аудандық полицияда да біз заңсыздықпен бетпе-бет келдік», – дейді бойжеткеннің анасы видеоүндеуде.
Полиция департаментінің мәліметінше, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.
«Шет ауданының 23 жастағы тұрғынының арызы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сол күні күдікті полиция тарапынан ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот санкциясымен оған үй қамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалған болатын. Қадағалау органы сот алқасына жеке апелляциялық өтініш жолдады. Қарау нәтижесінде ол қанағаттандырылып, күдікті қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына өзгертілді. Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», – деп мәлімдеді Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.