Қаскелең аудандық сотының аумағынан 1995 жылы туған тергеу-қамаудағы күдікті қашып кетті. Ол зорлау ісі бойынша күдікті болған.
Қашқаннан кейін бірден «Сирена» арнайы жоспары енгізіліп, құқық қорғау органдары іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Алматы облысы полиция департаменті сот залынан күдіктінің қашуына қатысты түсініктеме берді. Департаменттің мәліметінше, тергеу-қамаудағы адамның қашуы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Қазіргі уақытта қашқынды ұстау үшін кешенді шаралар қабылданып жатыр.
Сонымен қатар оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қызметтік тексеріс тағайындалған.
«Азаматтардан сабыр сақтауды сұраймыз. Егер іздестіріліп жатқан адамның орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат болса, дереу 102 нөміріне хабарласуды өтінеміз», – деп мәлімдеді полиция департаменті.