Лондонда сот Болгарияның алты азаматына қатысты үкімді жариялады. Олар бұрын Ресейдің барлау қызметіне жұмыс істегені үшін кінәлі деп танылған болатын, деп хабарлады Bloomberg.
Тыңшылық топтың барлық мүшелері түрмеге қамалды. Бас айыпталушы, 46 жастағы Орлин Русев, басқа тыңшылардың әрекеттерін үйлестіргені үшін 10 жыл 8 ай бас бостандығынан айырылды. Ол топ үшін озық бақылау құралдарымен жабдықталған арнайы бөлме дайындаған. Бұл бөлмені шетелдік БАҚ «Индиана Джонстың гаражы» деп атады.
Bloomberg жазуынша, Русев бұрынғы Wirecard төлем жүйесінің директоры Ян Марсалектен нұсқау алып отырған. Оның екі серіктесі — Бисер Джамбазов пен Иван Стоянов — тыңшылық жасағандарын мойындаған. Екеуі де 10 жыл 5 ай түрме жазасына кесілді.
Ян Марсалек Ресейдің арнайы қызметімен жұмыс істеген, топтың операцияларын қаржыландырып, Telegram арқылы басқарған. Алайда ол 2020 жылдан бері іздеуде, сотқа қатыспаған. Топтың басқа мүшелері — Катрин Иванова, Ваня Габерова және Тихомир Иванчев — 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Тергеу деректеріне сүйенсек, тыңшылар Германиядағы америкалық әскери база туралы ақпарат жинап, сол жерде украин сарбаздарының дайындалуына назар аударған. Сондай-ақ олар екі танымал журналист-тергеушіге қастандық ұйымдастыруды жоспарлаған. Солардың бірі — белгілі журналист Христо Грозев.
Ең назар аударарлығы — үкім мәтінінде сотталғандардың Қазақстанға қарсы арандатушылық әрекеттерін жоспарлағаны да көрсетілген.