Қостанай облысында ер адам кәмелетке толмаған өгей қызын зорлады деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы TobolInfo хабарлады.
«Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 121-бабы бойынша қозғалды. Күдікті — қыздың өгей әкесі — сот санкциясымен қамауға алынды», — делінген ресми мәлімдемеде.
Іс Рудный қаласында тергеліп жатыр. Тергеу органдары куәлардан жауап алу, сот-медициналық сараптама жүргізу және заңда қарастырылған басқа да шараларды іске асыруда.
«Жәбірленушіге мектеп психологы психологиялық көмек көрсетіп жатыр. Тергеу жалғасып жатыр, барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», — деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Көршілердің айтуынша, бұл отбасы салмақты, көп балалы отбасы ретінде танылған. Үйде жеті адам тұрған.
«Біз көршіміз. Ол ер адам сырттай сыпайы, амандасып жүретін. Ешқашан дауыс көтергенін не мас жүргенін көрмедік. Қызы да ашық-жарқын болатын», — дейді көршісі.
Көршілердің айтуынша, қылмыс шамамен екі жылға жуық уақыт бойы жалғасқан. Бұл жайт қыз ауруханаға түскенде белгілі болған: дәрігерлер зорлық-зомбылық белгілерін байқаған соң, құқық қорғау органдарына хабар берген.