«Заңдағы ұры» феномені мен оның тамыры
«Заңдағы ұры» деген түсінік посткеңестік елдердің қылмыстық әлемінде ерекше статусқа ие. Бұл – қарақшының ең жоғары лауазымы, өзіндік «криминалды элита». Кеңес заманынан келе жатқан бұл ұғым әлі күнге дейін Қазақстан мен Орталық Азияда өзектілігін жоғалтқан жоқ.
2023-2024 жылдары Орталық Азия елдері ұйымдасқан қылмыспен күресті жаңа деңгейге шығарды. Қырғызстан мен Өзбекстанда «заңдағы ұрылар» мен криминалды «авторитеттерді» жаппай ұстау басталды. Осы толқын Қазақстанға да жетті ме? Біздің елде «заңдағы ұрылар» бар ма? Олардың қазіргі мәртебесі қандай?
Ведомстволар жауабы: үнсіздік пен құпия пердесі
Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті бұл сұрақтар бізге қатысы жоқ деп, ІІМ-ге сілтеді. Ішкі істер министрлігі де нақты жауаптан қашты. Олар «заңдағы ұры» деген заңдық түсінік жоқ екенін алға тартты. Демек, ресми статистика жүргізілмейді, ал бар ақпарат құпия деп саналады.
Ең мазмұнды жауапты Ұлттық қауіпсіздік комитеті берді. Олар Қазақстан түрмелерінде жазасын өтеп жатқан «заңдағы ұрылар» бар екенін растады. Бұл — Серік Джаманаев («Серік голова») және Бондо Стуруа («Бондо Қазақстанский»). Сонымен қатар, «коронованный» қазақстандықтардың тағы екеуінің есімі белгілі болды: Самарқан Ахметов («Самар») және Айткали Маймушев («Леха Маймыш»). Бірі қаңтарда Алматы әуежайында ұсталды, екіншісі қазір Ресей түрмесінде.
Самаркан Ахметов («Самар»). Фото polisia.kz
Сарапшылар пікірі: ұйымдасқан қылмыс көлеңкеде күшейіп жатыр
Қазақстандық криминолог, құқық қорғау саласының ардагері Марат Акимовтың айтуынша, «заңдағы ұрылар» институты посткеңестік елдердегі әлеуметтік-экономикалық жағдаймен тығыз байланысты.
«Экономикалық дағдарыс, жұмыссыздық және жемқорлық деңгейі жоғары болған кезде, қылмыс әлемі күшейеді. «Заңдағы ұрылар» тек түрме ішінде ғана емес, азаматтық өмірде де ықпалын жүргізеді. Олар ірі құрылыс жобалары, базарлар, көлеңкелі экономика саласында өз адамдарын отырғызады. Сондықтан мұндай тұлғалардың бар-жоғын жасыру қауіпті», – дейді сарапшы.
Құқықтанушы, ұйымдасқан қылмыс мәселелері бойынша сарапшы Айжан Сапарқызы болса, Қазақстанның қылмыстық әлемі сырттай тыныш көрінгенімен, шын мәнінде күрделі процестер жүріп жатқанын айтады.
Серик Джаманаев («Серик голова»). Фото видеокадрлардан алынған
«Қазақстандағы криминалды элита қазір трансформация кезеңін бастан өткеріп жатыр. Бұрынғыдай «заңдағы ұры» болу тек қылмыс әлеміндегі абырой ғана емес, үлкен бизнес-процесс болып кетті. Олар қазір цифрлық технологияларды, криптовалютаны, халықаралық логистиканы пайдаланады. Яғни классикалық «воровская романтика» емес, таза экономикалық модельге көшті», – дейді ол.
Құпия әлемдегі қазақ «королдері»
КНБ деректеріне сүйенсек, Қазақстанда өзін «заңдағы ұры» деп жариялаған төрт адам бар. Олардың әрқайсысы қылмыс әлемінде жеке тарихқа ие:
1. Серік Джаманаев («Серік голова») – 2021 жылы ауыр қылмыстар үшін 19 жылға сотталды.
2. Бондо Стуруа («Бондо Қазақстанский») – 2016 жылы 22 жылға бас бостандығынан айырылды.
3. Самарқан Ахметов («Самар») – Грекияда «коронованный», биыл қаңтарда Алматыда ұсталды.
4. Айткали Маймушев («Леха Маймыш») – Ресейде 9 жылға сотталды.
Бұл төрттік — Қазақстанның қылмыс әлеміндегі ең жоғары дәрежелі «фигуралар». Олардың халықаралық байланыстары да ауқымды.
Қылмыстық ортадағы халықаралық байланыстар
Ұйымдасқан қылмыс – жабық трансшекаралық желі. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы криминалды элита Ресей, Грузия, Әзербайжан, Түркия және Еуропадағы «заңдағы ұрылармен» тығыз байланыста.
«Бізде «ұлттық қылмыс» деген түсінік жоқ. Бүгінгі күні қылмыстық синдикаттар ұлтқа емес, ақшаға қызмет етеді. Қазақстан арқылы өтетін заңсыз тасымал маршруттары, есірткі, қару-жарақ және адам саудасы желілері – барлығы халықаралық деңгейде бақыланады. Сондықтан қазақстандық «ворлар» шетелдік серіктестерсіз жұмыс істей алмайды,» – дейді криминолог Марат Акимов.
Заңдағы бос кеңістік және мемлекеттің осалдығы
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның заңнамасында «заңдағы ұры» деген нақты баптың болмауы – үлкен мәселе. Бұл құқық қорғау органдарына қылмыс әлеміндегі басты фигураларды жауапқа тартуға кедергі келтіреді.
«Қазір Ресейде арнайы бап бар – «жоғарғы криминалды статус иелену». Ал бізде мұндай бап жоқ. Яғни адам өзін «заңдағы ұры» деп жарияласа да, оны тек осы мәртебесі үшін жауапқа тарта алмаймыз. Бұл – құқықтық вакуум,» – дейді заңгер Айжан Сапарқызы.
Қылмыспен күрес – көлеңкедегі шайқас
Қазақстандағы ұйымдасқан қылмыс мәселесі – ашық айтылмайтын, бірақ қоғамға үлкен қауіп төндіретін тақырып. Мемлекет бұл күресті жасыруды жөн санайды, ал қоғам болса, тек ақпараттың ұшқынын ғана көреді.
Ұйымдасқан қылмыспен күрес ашық және жүйелі жүргізілмесе, көлеңкедегі «корольдер» жаңа буынға өз «тәжін» тапсырып, қылмыстық әлемді әрі қарай басқара береді.
Самал Асқар