Қан іздері, жұлынып алынған шаш, сынған тырнақтар, мұрын мен қолдағы жарақаттар. Алматыдағы «Amir» тұрғын үй кешенінде 7-қабаттан құлап қаза тапқан 22 жастағы Ақнәрдің анасы полицияны салғырттық танытты деп айыптап, бұл белгілер – қызының өлер алдында азап көргенінің дәлелі екенін айтуда.
Гүлістан Хамиттың сөзінше, тергеу Ақнәрді қорлаған және азаптаған екі қызға қатысты бейнематериалдарды елемей, оларды жауапқа тартудың орнына куәгер деп таныған, деп жазды Orda.kz.
Ақнәрдің туыстары баспасөз мәслихатын өткізіп, мән-жайды баяндады.
Қайғылы оқиға 2023 жылдың шілдесінде болған. Қызы өз-өзіне қол жұмсады деген нұсқамен Гүлістан Хамит мүлде келіспейді. Оның айтуынша, сол түні Ақнәр екі қызбен бірге пәтерде болған. Анасы қызына қоңырау шалғанда, бөтен адам телефонды көтеріп, Ақнәрмен сөйлесуге мүмкіндік бермеген. Кейін марқұмның әпкесіне «Қызды өлгенше қылқындырып жатыр» деген дауыстық хабарламалар келген.
Анасы сол түні болған оқиғаларға қатысты айғақтарды өз қолымен жинаған. Оның айтуынша, ол полицияға көптеген дәлелдер мен материалдарды тапсырғанымен, құқық қорғау органдары ешқандай әрекет жасамаған.
Ақнәрді мұсылманша арулау кезінде туыстары денесінде тістеген іздерді, сынған қолын және жұлынып алынған тырнақтарды байқаған. Алайда ресми сот-медициналық қорытындыда тек құлақ маңындағы жеңіл жарақаттар жазылған.

Қайтыс болғаннан кейін марқұмның телефоны туыстарына 40 күннен соң қайтарылған. Онда қызды қорлаған сәттер бейнеленген бірнеше видео табылған.
Сол түні Ақнәрмен бірге болған қыздар – Қытай Халық Республикасының азаматтары болған этникалық қазақтар. Қазіргі таңда олардың біреуі Қазақстан азаматтығын алып үлгерген. Қыздың туыстарының айтуынша, бұл екі қыз еш кедергісіз шетелге барып, қайта оралып жүрген.
Марқұмның әкесінің айтуынша, 2024 жылдың 20 шілдесіне қараған түні белгісіз қыз Ақнәрдің телефонынан хабарласып, оның ауыр жарақат алғанын және өлім алдында жатқанын айтып, өзі жасырынып жүргенін айтқан. Көп ұзамай байланыс үзілген. Содан соң тағы бір хабарлама келіп, «Ақнәр қауіпті жағдайда» делінген. Кейін сол нөмірден өзін полиция қызметкерімін деп таныстырған ер адам марқұмның әпкесіне қоңырау шалып, Ақнәрдің терезеден құлап кеткенін хабарлаған.
Ақнәр сол ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізіліп, есін жимастан көз жұмған.
Қайғылы оқиға болған түнде пәтерде болған қыздар — Ақнәрдің университеттегі таныстары. Сол түні олар мас күйде болған, ал сараптама Ақнәрдің мүлдем ішімдік ішпегенін көрсетті. Гүлістан Хамиттың айтуынша, тергеушілер бұл екі қызды да, терезеден құлап жатқанын көргендерді де сұрамай қойған. Олардың бірі – әлеуметтік желіде «құлар алдында айқай естідім» деген блогер.
Отбасы өз күштерімен көрші үйлерді аралап, бейнебақылау жазбаларын жинаған. Гүлістан Хамит сол материалдарды тергеушіге тапсырғанын, алайда олар істі материалдарға тіркелмегенін айтты. Адвокаттарының да сұраныстары жауапсыз қалған. Пәтерге полиция келгенге дейін қыздар бәрін жинап тастаған, Ақнәрдің ешбір жеке заты табылмаған – құжаттары да, ақшасы да, әшекейлері де жоқ. Тек дәретханадағы қоқыстан шаштың бір уысын тапқан. Қыздардың телефондарын ешкім тәркілемеген, олар нөмірлерін де ауыстырып үлгерген. Ал Ақнәрдің телефоны отбасына тек 40 күннен соң берілген.
Телефоннан табылған видеоларда Ақнәрді азаптап жатқан сәттер анық көрінеді. Алайда бұл бейнелер де ескерусіз қалған.
Гүлістан Хамиттің сөзінше, прокурор екі қызды қамауға алу туралы қаулы шығарған, бірақ ол әлі орындалмаған.
Марқұмның туыстары егер қыздар кінәсіз болса, кешірім сұрап, ашық сөйлесуге тырысар еді деп есептейді.
«Ақнәрдің көз жұмғанына екі сағат қана болған кезде полиция бөліміне бардық. Сол уақытта-ақ бұл екі қыздың адвокаттары болғанын көрдік», — дейді Ақнәрдің ағасы.
Отбасына Инга Иманбай көмектесіп жатыр. Оның айтуынша, қазір тергеу Қылмыстық кодекстің 105-бабы, 1-бөлігі («Өзін-өзі өлтіруге итермелеу») бойынша жүргізілуде. Алайда ол бұл істі «Адам өлтіру» және «Азаптау» баптары бойынша қайта саралау керек деп санайды.
Бастапқыда істі Алматы қаласы Бостандық аудандық полиция басқармасы жүргізген, кейін іс материалдары қалалық департаментке берілген.
«Камералардан алынған бейнежазбалар, сондай-ақ Ақнәрдің телефонында бар видеолар – бәрі оның терезеден итеріліп құлағанын айғақтай алады», — деді Инга Иманбай.
Редакция полиция мен прокуратураға сауал жолдап, неге прокурордың қамауға алу туралы қаулысы орындалмағанын және неге прокурор бұл шешімнің орындалуын қадағаламағанын анықтамақ.
Фото: Orda.kz