26-02-25 |
250 рет қаралған
Лифтіде  балаға шабуыл жасаған жасөспірімді санитарлар соққыға жыққан.
Лифтіде  балаға шабуыл жасаған жасөспірімді санитарлар соққыға жыққан

Кеше әлеуметтік желілерде лифт ішінде бес жасар баланы пышақтаған жасөспірімді Астанадағы психоневрологиялық диспансерде санитарлардың екі рет соққыға жыққаны туралы ақпарат тарады. Пациенттің айтуынша, оны басынан ұрған, сондай-ақ қолында «кітаппен ұрғаннан» қалған ісік бар.

Бұл жағдайға қатысты Астана қаласындағы ерекше балалардың ата-аналары одағының басшысы Гүлсан Мауылина пікір білдірді.

«Біз сот-медициналық сараптама жүргізуді талап етіп отырмыз – полицияға қоңырау шалдық, учаскелік инспектор келді, бірақ мұндай жағдайларда нақты әрекет ету алгоритмі жоқ», – деді ол.

Сонымен қатар, қоғам белсендісі 14 жастағы жасөспірімнің ересектер бөлімінде жатқанын, алайда оның балалар бөлімінде болуы керектігін атап өтті.

«Кәмелетке толмаған баланың дене жарақатын алу фактісі бойынша тексеру жүргізілуде. Нәтижесіне қарай шешім қабылданады. Өтініш Алматы ауданының полиция басқармасында тіркелді», – деп хабарлады Астана ПД.

Кейінірек бұл жағдайға қатысты Астана қалалық психикалық денсаулық орталығы да түсініктеме берді. Онда жасөспірімнің анасынан түскен шағымнан кейін оны полиция қызметкері, кезекші дәрігер және медбикенің қатысуымен тексергенін айтты.

«Анасының рұқсатымен пациенттің денесін фотоға түсіріп тіркедік. Дене тексерісі барысында тері жабындары таза, тұтастығы бұзылмаған, пациент көрсеткен жерлерде көгерген іздер мен ісіктер анықталған жоқ», – деп нақтылады Астана психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары Алмагүл Айтжанова.

Сот-медициналық сараптама жоспарланған, оның нәтижелері қосымша хабарланады.

Еске сала кетейік, жасөспірім Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде лифт ішінде бес жасар баланы пышақтаған болатын. Кейін оның психоневрологиялық диспансерде «шизофрения» диагнозымен есепте тұрғаны анықталды. Қазіргі уақытта ол оқшауланған.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.