arasha.kz

Майқайың кенішінде төрт құтқарушының қаза болуына байланысты екі шенеунік сотталды

Павлодар облысында Майқайың кенішінде төрт құтқарушының қаза болуына байланысты сот үкімі шығарылды.

Еске сала кетсек, қайғылы оқиға 2024 жылғы 4 қаңтарға қараған түні «Майқайыңзолото» АҚ аумағында болған. Майқайың кенішіндегі тазарту кеңістігіне төрт құтқарушысы бар автобус құлап кеткен. Кейіннен 24 жастағы Сарқыт Берліқан мен 53 жастағы Олег Тышкевичтің денелері табылды. 19 шілдеде құтқарушылар взводы командирінің 36 жастағы орынбасары Айдос Шаймерденнің, ал 25 шілдеде жүргізуші Айып Тілеубергеновтің денесі анықталды. Жарты жылға созылған іздеу жұмыстары барысында автобустың өзі де табылды.

Сот Павлодар облысы бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің Екібастұз қаласындағы мемлекеттік қадағалау бөлімінің бұрынғы басшысын кінәлі деп тапты. Ол ҚР ҚК 371-бабы 2-бөлігі («Салақтық») бойынша айыпты деп танылып, үш жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сондай-ақ оған қауіпті өндірістік нысандарда бақылау және қадағалаумен байланысты лауазымдарды үш жыл бойы атқаруға тыйым салынды.

Осы бап бойынша аталған бөлімнің бас маманы С. да сотталды. Соттың анықтауынша, 2016–2021 жылдары О., сондай-ақ 2016–2023 жылдары С. кеніште анықталған заң бұзушылықтар туралы білгенімен, оларды тексеру актілеріне енгізбеген және жою бойынша шара қолданбаған. Бұл 2024 жылғы 4 қаңтардағы қуыстың опырылып, апат болып, адамдардың қаза табуына әкелді.

Баянауыл аудандық сотының судьясы Тенлік Қадырбекова бұл қылмыстық құқықбұзушылықтың абайсызда жасалған, қоғамға төмен деңгейде қауіпті деп саналатын жеңіл қылмыстар санатына жататынын түсіндірді. Жеңілдететін мән-жайларды және қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, сот айыпталушыларға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындамады.

Exit mobile version