arasha.kz

Маңғыстауда мектепте жаппай уланған оқушылар ем қабылдауда

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай облыстық ауруханада жатқан оқушылардың жай-күйін көрді.

Осы салаға жауапты тұлғаларға уланған балаларға қажетті барлық көмекті көрсетуді және ауруханадағы жұмыс кестесін күшейтуді тапсырды.

Мұнда қазір 67 бала ем қабылдауда. Олар күні кеше Мұнайлы ауданындағы 8-мектепте жаппай астан уланып, ауруханаға түскен. Екі бала жансақтау бөлімінде дәрігерлердің жіті бақылауында.

Облыстық әкімдік жанындағы жедел штабтың жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан шақыртуларға дереу қызмет көрсету үшін облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек станциясының 12 негізгі және 4 қосымша бригадасы жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ, Мұнайлы орталық аудандық ауруханасының шақыруларға қызмет көрсетудің 4 санатты 4 бригадасы және Ақтау қаласының 4 санатты 7 бригадасы жұмылдырылды.

Облыстағы емханалардың психологтар тобы ата-аналар мен балаларға қажетті көмек көрсетуде.

– Ауруханада тиісті ем-дом көрсетілуде. Дәрі-дәрмек пен төсек орындары жеткілікті. Дәл қазір ең бастысы, оқушылардың денсаулығы. Науқастардың тез жазылып кетуіне барлық жағдайды жасауымыз қажет. Кейін осы жағдайға байланысты тиісті шаралар мен шешімдер қабылдайтын боламыз,- деді Нұрдәулет Қилыбай.

Exit mobile version