ҚР СИМ Маңғыстау облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату заңнамасының сақталуын бақылау аясында бірнеше сауда кәсіпорындарының электронды шот-фактураларын талдады, соның ішінде «ProArt2017» ЖШС-нің қызметі де тексерілді.
Тексеру барысында «ProArt2017» ЖШС-ның бірнеше заң бұзғаны анықталды. 2024 жылдың 12-15 қаңтары аралығында кәсіпорын «Dina Market» ЖШС-нен 5 кг күрішті 2703,57 теңгеге сатып алып, кейін оны «Нефтегазстрой» ЖШС-не 3437,5 теңгеге сатқан. Осылайша рұқсат етілген сауда үстемесі нормасынан 27% асып кеткен.
Сонымен қатар, 2024 жылдың 4-15 қаңтары аралығында «ProArt2017» ЖШС-і «АНВАР» ЖШС-нен 200 кг қарақұмықты келісін 237 теңгеден сатып алып, оны «Мунайгазстрой» ЖШС-не келісін 298,9 теңгеден сатқан. Мұндағы сауда үстемесі 26%-ды құрайды.
ҚР «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңының 9-бабының 1-тармағына сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының сауда үстемесі өндірушінің немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасының 15%-ынан аспауы тиіс. Осыған байланысты Департамент «ProArt2017» ЖШС-не қатысты әкімшілік құқық бұзушылық ісін қозғап, ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартты (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 204-4-бабының 1-бөлігі).
Сонымен қатар, жиі кездесетін заң бұзушылық – дүкендердегі тауар бағасы мен кассалардағы бағалардың әртүрлі болуы. Мұндай заң бұзушылықтар «Анвар» гипермаркеті мен «Алтын фуд» супермаркетінде анықталды.
2024 жылдың 27 қарашасында Ақтау қаласындағы 12-ші шағын ауданда орналасқан «Анвар» гипермаркетінде қырыққабаттың бағасы (1 кг үшін 159 теңге) мен кассалардағы бағасы (1 кг үшін 237 теңге) арасындағы айырмашылық 78 теңгені құрағаны анықталды. Бұл заң бұзушылық үшін сатушы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 193-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 369 200 теңге айыппұл салынды.
2024 жылдың 17 қарашасында Ақтау қаласындағы «Алтын фуд» супермаркетінде «Borjomi» минералды суының бағасы сөреде 440 теңге болғанымен, кассада 629 теңгеге сатылғаны. Аталған жағдай бойынша сауда субъектісі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 193-бабының 4-бөлігі бойынша жауапқа тартылды және 55 380 теңге айыппұл салынды.
Маңғыстау облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті кәсіпкерлердің сауда қызметін реттейтін заңнамаларды сақтауын қатаң бақылауда ұстайды. 2024 жылы жүргізілген тексерулер нәтижесінде сауда субъектілеріне қатысты 134 әкімшілік іс қозғалды. Оның ішінде 112 кәсіпкерге ескерту жасалып, 13 кәсіпкер айыппұл төлеген. Сонымен қатар, Департамент тауарлардың бағаларының жоқтығына немесе дүкен сөрелеріндегі баға мен кассадағы баға арасындағы сәйкессіздіктерге қатысты бұзушылықтар бойынша 24 қаулы шығарды.