Жамбыл облысында мектеп директоры қызметіне қайта тағайындалып, білім бөліміне қарсы сотта жеңіске жетті. Байзақ ауданына қарасты Құмжота ауылындағы орта мектептің директоры Қанатбек Байтен оқушының қазасынан кейін қызметінен шеттетілген болатын.
Оқушы 2024 жылдың 30 сәуірінде көз жұмды. Сол күні жоғарғы сынып оқушылары төменгі сынып оқушыларын сыртқы әжетханаға шақырып, төбелес ұйымдастырған. Сегізінші сынып оқушысы Мирас кеуде тұсынан соққы алып, сол жерде жан тапсырды.
Екі жасөспірімге алты жыл сегіз айға бас бостандығынан айыру жазасы берілді, тағы біреуі бір жылға бостандығын шектеу жазасына кесілді.
Байтен өзіне қатысты жазаға келіспей, білім бөлімінің шешімін сотқа берген. Нәтижесінде, сот оның пайдасына шешім шығарды. Сонымен қатар, директорға мәжбүрлі жұмыстан босатылған уақыты үшін тоғыз миллион теңге өтемақы төленетін болды.