«Қазақфильм» басшылығы өнертанушы, актер, сценарист Ерлан Төлеутайды «Қазақфильмге» кіргізбей қойған. Бұл туралы өнертанушы әлеуметтік желіде жазды. Өнертанушының жазбасын қаз-қалпында назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Ардақты ағайын!
Мына сұмдықты жарияламасқа амалымыз жоқ!
Бүгін, біз яғни режиссер Елзат Ескендір екеуміз «Әбілдің» Еуропа төрінде сәтті һәм табысты өткен триумфуальды премьерасынан кейінгі жеңісін «Қазақфильм» ұжымымен және оның уақытша басшыларымен бөліспекке киностудияға бардық. Алайда бізді «Қазақфильмге» кіргізбеді. Есік көзіндегі қарауыл бөгеген соң біз ИО Айдар Омаровтың жеке охран бастығына телефон шалып сөйлестік. Ол болса мені ішке кіргізе алмайтынын, өйткені ИО Омаровтан мені кіргізбеу жөнінде бұйрық түскенін жеткізді.
Шынтуайтында біз «Қазақфильмге» ерігіп бармаған едік. Еуропадан соң «Қазақфильм» басшылығынан хабар күткелі аптаның жүзі болған-ды. Алайда А.Омаров біздей халықаралық кинофестиваль жеңімпаздарын құттықтамақ түгілі хабарласуды бойына ар санады білем – хабарласпады. Болмаған соң өзіміз бардық. Себебі «Әбіл» мемлекеттік тапсырыспен түсірілген «Қазақфильмнің» төл туындысы болғандықтан осы фильмнің кей мәселелерін басшылықпен ақылдасқымыз келген еді. Сондай-ақ бір айға созылатын Еуропа сапарына қаржылай қолдау көрсету жөнінде көмек сұраған режиссер Елзат Ескендірдің қаңтар айының 14-і күндері ИО А.Омаровқа жазған хатының тағдырын да білгіміз келген. Өйткені арада 1 ай, 10 күн өтсе де А.Омаровтан еш жауап болмаған еді. Екеуміз осының да жайын білмек болдық. Сондай-ақ «Қазақанимация» ШБ жайын өз көзімен көрмекші едім. Өйткені «Қазақанимация» жөнінде небір суық хабарлар желдей есіп, тарап жатқан еді. Мына видеода айтылғандай бүгін соның анығын білдім: мен Еуропа мемлекеттерінде өнер шашып, мәдени майдан кешіп жүргенімде яғни менің киностудияда жоқ кезімді өздерінің пасық әрекеттерін жүзеге асыруға жымысқылықпен пайдаланған А.Омаров бастаған «Қазақфильмнің» уақытша бастықтары мен ондаған жылдан бері жетекші редактор болып табылатын «Қазақанимация» ШБ Астанаға көшіріп жіберуге астыртын шешім қабылдаған. Астыртын шешім қабылдағаны сол емес пе – «Қазақанимация» басшылығымен және ұжымына айтпаған. Айтпақ түгілі сездірмеген. Әрине, мұның артында Мәдениет және ақпарат министрлігінің, сондағы «қой терісін жамылып», «құпия» кеңесші боп отырған лобби топтардың белсенді өкілдерінің тұрғандығы белгілі. Мақсат айқын: олар Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильмді» осылай аяусыз әрі алаяқтықпен бөлшектеу арқылы киностудияның түбіне жетіп тынбақ. Өйткені «Қазақфильмнің» жерін сатпақшы болып жүрген қылмыстық топқа осы «Қазақанимация» ұжымы бірнеше жылдан бері қатты қарсылық көрсетумен келеді. Енді он ойланып, мың толғанған бұл лобби топтар алынбас қамалға айналған Анимация бекінісін алудың амалын тапқандай – ата жаулары «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін Алматыдан жер аудару арқылы жойып жібермек.
Мен бұл афёраны – ХХI ғасырдағы қазақ кино өнеріне жасалған ең ауыр қастандық һәм ең ел мәдениетіндегі адам айтқысыз сипатқа ие алаяқтық деп бағалаймын. Мұның артында қазақ сәбилерін рухани ашаршылыққа ұшырату саясаты жатыр. Бұлар ақпарат құралдары арқылы қазақты қайта орыстандыруға Кремльден тапсырма алды және соны жүзеге асыруға белсене әрі астыртын кірісті деп еді, рас болғаны ма, ағайын, әйтпесе мынау не сұмдық!
Біз киногерлер, бұл сұмдыққа көнбейміз әрі айыптаймыз және жан аямай күресеміз! Қазақтың тұңғыш мультипликация режиссері, ұлы аниматор Әмен Қайдаров осыдан 57 жыл бұрын құрған анимациялық кино өнерінің қара шаңырағын құлатпаймыз! Сол үшін де «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін жер аудартпаймыз және аниматорларды қорлап жазалаудың ақымақтық һәм сорақы, қорлық шарасы – мұндай каторгыға айдалып масқара болмас үшән өліспей беріспейміз! Қолдаңыздар бізді, осынау мәдени майданда! Егер қазақ рухы мәдени майданда жеңіліс тапса, саяси-экономикалық, әлеуметтік ең бастысы Мемлекетті сақтау мұраты жолындағы майдандардың барлығында жеңілмек және бұл Тәуелсіздіктің ақыры болмақ. Беті аулақ, әрине!