Бірнеше күннен бері Алматының элиталық аудандарында күзет күшейіп, қалаға бірінен кейін бірі жеке ұшақтармен, арнайы рейстермен ұшып келген Назарбаев отбасының мүшелері ел аузында жүр.
Бұған дейін шетел асып, елден жырақта жүрген экс-президенттің немерелері мен күйеу балаларының да шаһарға табан тірегені айтылуда.
Шындықтан қаша алмайсың дереккөзі Назарбаев отбасының Алматыға бас қосуының негізгі себебі – Сара Алпысқызының денсаулығының күрт нашарлауы деп мәлімдеп отыр.
Бұған дейін түрлі елдерде жүрген Дариға, Динара, Әлия Назарбаевалар, олардың балалары мен жақын туыстары осы жолы бір мезетте туған жерге оралды.
Қазір әулеттің Алматыдағы үйлері мен резиденцияларында ерекше абыр-сабыр байқалады. Әулет мүшелері кездесіп, жағдайды ақылдасып, алдағы күндердегі жоспарды талқылап жатқан көрінеді.
Әдетте Назарбаев отбасы жеке бас мәселелерін жұрт назарына іліндірмеуге тырысатын. Бірақ бұл жолғы жиналудың ауқымы мен әулеттің түгелдей Алматыға келуі көпшіліктің назарын аудармай қоймады.
Экс-президенттің жұбайы Сара Алпысқызының денсаулығы соңғы бірнеше жылда әлсіреп, сыр бере бастағаны белгілі болатын.
Сара Назарбаеваның ел арасындағы беделі ерекше, оның қайырымдылықпен айналысып, ешқашан саяси билікке араласпаған тұлға екені белгілі.
Әзірше ресми билік бұл жағдайға қатысты нақты мәлімдеме жасаған жоқ, бірақ Алматыдағы ахуал мен Назарбаевтар әулетінің осылайша топтасуы қоғамда түрлі болжамдар мен пікірлердің тууына себеп болды. Сара Алпысқызының денсаулығы жақын күндері ел назарындағы басты тақырыптардың бірі болып қала бермек.