Алматы облысында жас жігітті отбасына хабар бермей, әскери комиссариатқа күштеп алып кеткен.
Жігіттің әпкесі Эльмира бұл жағдай туралы әлеуметтік желіде хабарлады. Оның айтуынша, інісі Назарбаев Университетінде дайындық курсынан өтіп, бакалавриат бағдарламасына қабылданған. Алайда оны ешбір ескерту мен шақыру қағазынсыз ұстап алып кеткен.
– Біз оның қайда екенін білмедік. Әскери комиссариат ақпарат бермеді, әскери полиция мен прокуратура үнсіз қалды. Тек ондаған қоңыраудан кейін және Астанаға шағымданамыз дегеннен соң ғана, оның әскери бөлімде екенін растады. Біз әскерге қарсы емеспіз. Біз заңсыздыққа, жастардың болашағын жоюға қарсымыз, – деп жазды Эльмира.
Қыз отбасының оның қайда екенін білмей, қаланы шарлап іздегенін, тіпті тірі екенін де білмегенін айтты.