arasha.kz

Нұр-Сұлтанда жол апатынан бес адам қаза болды

Нұр-Сұлтан қаласында жантүршігерлік жол апатынан бес адам ажал құшты, деп хабарлады елорда полициясының баспасөз қызметі.

Оқиға 30 қыркүйекте сағат 00:34 шамасында болған. Toyota Camry автокөлігінің 19 жастағы жүргізушісі Есіл өзені арқылы өтетін көпірден Сарайшық көшесіне қарай жүріп, жылдамдықты асырған. Артынша рөлді басқара алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып, Nexıa Ravon автокөлігімен соқтығысқан. Ол көліктің тізгінінде 28 жастағы жүргізуші болды.

Жол апатынан 5 адам қаза тауып, 1 адам жарақат алды.

Оқиға орнында екі жүргізуші, үш жолаушы қайтыс болды. Toyota Camry автокөлігінің бір жолаушысы ауыр халде қала ауруханасына жеткізілді.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі (көлiкті басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiкті пайдалану қағидаларын бұзуы абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан жағдай) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті жүргізушілерге жол жүру ережелерін қатаң сақтап, жолда қырағы болуға шақырды.

Exit mobile version