Қастандық жасалған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов жақын арада ауруханадан шығарылмақ.
«Менің басыма түскен ауыр жағдайдан көпшілігіңіз хабардарсыздар деп білемін. Бұл оқыс оқиға маған да, менің отбасым мен жақындарыма да ауыр тигені анық. Мұны сөзбен айтып жеткізу өте қиын. Алайда, сынаққа толы болған осы уақыт аралығында көптеген адамдардың, әріптестерімнің, тамыр-таныстарымның жанашырлығын, қолдауын, тілектестігін сезіндім. Телефоныма түскен қоңыраулар, хабарламалар, әлеуметтік желідегі тілеулес жазбалар көңіліме демеу болғанын, күш-қуат бергенін, сергіткенін айтқым келеді», — деп жазды Берденов әлеуметтік желіде.
Сондай-ақ ол 3 аптаға созылған ауруханадағы күндері аяқталып, өзі де аяқтан тұрып, күнделікті тіршілікке оралатын сәт таяп қалғанын жеткізді.
Еске салайық, Руслан Берденовке қастандық 21 сәуір кешкісін жасалған. Әкімнің орынбасары оқ жарақатын алып, ауруханаға жатқызылды. Алдын ала мәлімет бойынша, шенеунікке оқ атқан — Шымкент әкімдігі жанындағы ЖШС қызметкері. Қастандық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталды. Қастандық жасау себептерінің бірі ретінде мүмкін жыныстық қысым жасалды деген нұсқа аталған еді. Алайда Шымкенттің ішкі саясат және жастар істері басқармасының басшысы Айгерім Жұмақұлова бұл болжамды тез арада жоққа шығарды.