Біз
әлеуметтік
желіде
18-05-25 |
60 рет қаралған
Павлодарда Бірінші дүниежүзілік соғыс тұтқындарының бейіті табылды.
Павлодарда Бірінші дүниежүзілік соғыс тұтқындарының бейіті табылды

2023 жылы «Богатырь Көмір» ЖШС көмір разрезінде ағылшын мердігерлеріне жер телімі бөлінген, алайда дәл сол аумақта зират орналасқаны белгілі болды. Әзірге бетон плиталардан жасалған тек екі құлпытасты анықтау мүмкін болған, жалпы саны – шамамен 30, деп жазды Pavlodarnews.kz.

Бұл жерлеу орындарын «Солтүстік» разрезінің маркшейдерлері Шолпан Әбдуәлиева мен Мария Әкімова тапқан. Құлпытастағы жазуды зерттеумен «Богатырь Көмір» ЖШС қоршаған орта бөлімінің жетекші гидрогеологы Нұрболат Құрманғалиев айналысты.

– Біз бастапқыда жазу ағылшын тілінде деп ойладық. Бірақ шақырылған аудармашы жазудың венгр тілінде екенін айтты. Содан кейін мен Екібастұзда венгрлер қайдан болуы мүмкін деген сұрақтың жауабын іздей бастадым, – деп бөлісті ол.

Белгілі болғандай, Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде көптеген әскери тұтқындар Сібірге жер аударылған. Павлодарға Австро-Венгриядан бес мыңға жуық тұтқын жіберілген. Солардың шамамен 700-і Экибастұзға шахта жұмыстарына тартылған. Олардың кейбірі ауыр жұмыс кезінде көз жұмып, сол жерде жерленген. Бұл оқиғалар шамамен 1915–1916 жылдары орын алған.

Павлодарда Бірінші дүниежүзілік соғыс тұтқындарының бейіті табылды

Қазіргі уақытта табылған бетон плиталармен павлодарлық археолог Иван Трухин айналысып жатыр. Оның айтуынша, бұл зираттар 1918 жылмен даталанған. Құлпытастағы жазбаларды тану мен аударуға жасанды интеллект қолданылып, сол арқылы бұл дерек расталды.

– Жерленгендердің бірі – Будапешттен шыққан венгр әскери тұтқыны Иосиф Селаси, 1898 жылы туған. Ол 1918 жылы жерленген. Құлпытаста «Жолдастарыңды ұмытпа» деп жазылған, – деп толықтырды Иван Трухин.

Бұл тарихи бетон плиталарды ашық аспан астындағы мұражайларға тапсыру ұсынылған. Қазіргі таңда бұл аумаққа техниканың кіруіне жол бермес үшін арнайы шаралар қабылданып, барлық жұмыстар уақытша тоқтатылды.

Зерттеулерден кейін Екібастұз археологтары мен геологтары Қазақстандағы Венгрия елшілігіне хат жолдаған. Оған Венгрияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Отто Иван Рона жауап беріп, Венгрияның Ішкі Қорғаныс министрлігімен байланысқа шыққан. Елші Екібастұзға келуді жоспарлап отыр.

Фото: Нұрболат Құрманғалиев

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.